Сөйлеу тілінде кемістігі бар балалар жаңа құрылғының көмегімен ойын жеткізе алады

Заманауи құрылғыны инсульт алып, сал ауруына шалдыққан ересектер де қолдана алады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сөйлеу тілінде кемістігі бар қазақстандық балалар енді ойын жеткізе алады. Ерекше күтімді қажет ететін жандарға арналған жаңа құрылғы елге де жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл құрылғы Алматыға жеткізілгелі ерекше қажеттілігі бар 69 бала байқап көрген. Олар – церебралды сал ауруына шалдыққандар. Мамандардың сөзінше, кембағал жандардың біразы ойын толық жеткізе алатын жағдайға жеткен.

"Балалар аяқ-қолын еріксіз қозғайды, игере алмайды. Тіл бұлшықеттері де тартады да, сол себепті сөйлеу де қиын. Тамыздан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Аманға қатты ұнайды, айтқан тапсырмаларды мүмкіндігінше орындайды", – деді ата-ана Ақмарал Сансызбаева.

"Құрылғыны пайдаланған балаларда өзгеріс, ілгерілеу бар екенін байқадым. Олар коммуникативті бола бастады", – деді нейрологопед-дефектолог Наталья Барановская.

Бұл құрылғы шетелде де кеңінен таралған. Сөйлеу тілінде кемістігі бар балалар арнайы планшетке мәтінді тереді, ал оны құрылғы дыбыстап отырады. Бүлдіршін әріп танымаса, арнайы карточкаларды жабдыққа орнату арқылы ойын жеткізеді. Ал мүлде қозғала алмайтын балалар оны көзбен-ақ басқарады.

"Ерекше баланың анасымын. Әрине перзентіңнің қалауын бірден түсінгің-ақ келеді. Құрылғыны қалаға әкелу үшін 3 жыл жұмыс істедім. Бүгін соны ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға ұсынып отырмыз", – деді Мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Рымгүл Өтепова.

"Бұл құрылғыны сатып алып, кез келген адам қолдана алмайды. Жабдықты басқару үшін оны оқу керек, түсіну керек. Ол үшін шет мемлекетке барып, тәжірибе алып келген мамандар бар. Сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған мүмкіндігі шектеулі балаларға да қол ұшын созуға барымызды салып жатырмыз", – деді  жоба ұйымдастырушысы Салтанат Дүйсенбекова.

Айта кетейік, заманауи құрылғыны тек сөйлеу тілінде кемістігі бар мүмкіндігі шектеулі балалар ғана емес, инсульт алып, сал ауруына шалдыққан ересектер де қолдана алады.

Гүлмарал Изатқызы, Сағынғали Мұңайтпасов

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында қар құрсауынан 4 адам құтқарылды

Новости партнеров