Қоғамдық орындар, жүргіншілер аймақтары, адам көп шоғырланатын аумақтарды аспаннан 7 бірдей дрон бақылап жүр
Алматы көшелерінде қоғамдық тәртіпті әуеден қадағалайтын сөйлейтін дрондар іске қосылды. Енді заманауи ұшқышсыз ұшу құрылғылары құқықбұзушылық деректерін тіркеп қана қоймай, тұрғындарға заң талаптарын сақтау қажеттігін нақты уақыт режимінде дауыстап ескертеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы – елімізде қылмыс деңгейі жоғары өңірлердің бірі. Осыған байланысты шаһардың тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтың алдын алудың жаңа әдісін енгізді. Енді қоғамдық тәртіпті қадағалау әуеден жүзеге асады. Ол үшін арнайы дрондар қала үстінен бақылау жүргізіп, қажет болған жағдайда тұрғындарға ауызша ескерту жасайды. Бұл үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары жарық шамдарымен және дауыс күшейткіш динамиктермен жабдықталған.
«Дрондар жолдардағы апат қаупі жоғары аумақтарда қолданылады. Тұрғындар полицияның дроны екенін байқасын деп, шағын жарқылдақ шамдар орнаттық. Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті бұзбау ережелерін сақтау жөнінде ескерту жасауға арналған дыбыстық құрылғы орнатылды. Ең басты нәрсе ол адамды жауапкершілікке тартып, айыппұл салуда емес. Маңыздысы – құқық бұзушылықтардың алдын алу», – деді қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шұмаев.
Қазір қоғамдық орындар, жүргіншілер аймақтары, адам көп шоғырланатын аумақтарды аспаннан 7 бірдей дрон бақылап жүр. Мамандардың мәліметінше, ұшқышсыз ұшу құрылғылары 5 шақырым биіктікке көтеріліп, 10 шақырым радиуста еркін қозғала алады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, заманауи технологияның көмегімен қоқыс тастау, қоғамдық орында түкіру, жолды белгіленбеген тұстан кесіп өту секілді ұсақ құқықбұзушылықтардың саны азаяды деп күтілуде.
«Алматы қаласында көлік жүргізушілерін бақылайтын дрон енгізбекші. Ол бір жағынан өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені қоқыс тастайтындар бар. Болмаса жаңағы көлікте отырып түкіретін азаматтар бар. Солардың барлығын бақылап, тәртіпке шақыратын оң жол деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны.
«Жүргізушілер қоқыс көп тастайды, түкіреді. Енді дрон арқылы бәрі реттелетін болды», – деді қала тұрғыны.
Айта кетейік, қазір дрондар арнайы даярлықтан өткен, басқару тетігін толық меңгерген полицейлерге ғана сеніп тапсырылады. Алайда әзірге әуе құрылғылары арқылы заңға қайшы әрекеттер тіркелмеген.
Мәди Мәлік. Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Мектептегі әлімжеттікпен жасанды интеллект күреспек