Шомылу маусымы: ІІМ қауіпсіздік ережелерін сақтауға үндеді

16.07.2026 16:19

Рұқсат етілмеген жерде шомылғандар жауапкершілікке тартылып жатыр

Елімізде шомылу маусымы басталғалы бері 69 бала суға батып көз жұмды. Мамандардың мәліметінше, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған аумақтарда тіркелген. Соған қарамастан, қауіпсіздік талаптарын елемейтіндер әлі де азаймай отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері рұқсат етілмеген жерлерде суға түскені үшін 2700-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Осыған байланысты ведомство ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырып отыр.

«Құрметті ата-аналар! "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында Ішкі істер министрлігі балалардың судағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Қауіпсіздік үшін тек арнайы жабдықталған жағажайларда ғана шомылыңыздар. Балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар, оларға бейтаныс жерлерде шомылудың қауіпті екенін түсіндіріңіздер. Сондай-ақ аптап ыстықтан кейін бірден суық суға түспеңіздер», – деді ІІМ Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов.

Оқи отырыңыз: Алматы полициясы алаяқтық пен ұрлықтың алдын алу шараларын күшейтті