Алматы полициясы алаяқтық пен ұрлықтың алдын алу шараларын күшейтті

Мегаполисте бөтеннің мүлкіне қол сұғу қылмыстары 26 пайызға азайды 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жыл басынан бері алаяқтық пен бөтеннің мүлкіне қол сұғу деректері бойынша 300-ден астам адам ұсталды. Полицияның мәліметінше, әсіресе демалыс және іссапар маусымында пәтер ұрлығы жиілейді. Соған қарамастан, өткен жылмен салыстырғанда бөтеннің мүлкіне қол сұғу қылмыстары 26 пайызға азайған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Интернет-алаяқтықтан зардап шеккендердің бірі – Лаура Елубаева. Оның айтуынша, алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, арнайы операция жүргізіліп жатқанын айтып сендірген. Соның салдарынан ол баспанасынан айырылып қалған.

«2024 жылы алаяқтар бізге несие рәсімдетіп, үйімізді сатуға мәжбүрледі. Олар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, құжаттарын да көрсетті. Бізді алаяқтарды ұстауға арналған арнайы операция жүріп жатыр деп сендірді. Ақырында үйімізді сатуға келістік. Кейін үйді қайтарып береміз деді. Сондықтан бөтен нөмірден қоңырау шалған, танымайтын адамдарға сенбеуге кеңес беремін», – деді қала тұрғыны Лаура Елубаева.

Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайға тап болған азаматтар заң аясында өз құқықтарын қорғай алады. Конституцияның 26-бабына сәйкес, азаматтардың заңды жолмен иеленген мүлкі жеке меншік болып табылады және мемлекет оның қорғалуына кепілдік береді. Ал бөтеннің мүлкін заңсыз иемденгендерге Қылмыстық кодексте қатаң жауапкершілік көзделген.

«Азаматтық кодекске сәйкес, адам өз атына тіркелген мүлікті өз қалауынша иеленуге және басқаруға құқылы. Егер мүлік жалған құжаттар арқылы басқа адамның атына заңсыз рәсімделсе, азамат бұл туралы білген сәттен бастап полицияға арыз беруге құқылы. Мұндай жағдайда құжаттардың қолдан жасалғанын және мүліктің заңсыз иеліктен шыққанын көрсетіп, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет», – деді адвокат Тілеужан Кішкенбаев.

Пәтер ұрлығы да қала тұрғындарын алаңдатып отырған қылмыстардың бірі. Мұндай құқықбұзушылықтар көбіне тұрғындар демалысқа немесе іссапарға кеткен кезеңде тіркеледі. Соған қарамастан, полиция статистикасы оң өзгерісті көрсетіп отыр. Ведомствоның мәліметінше, мегаполисте жалпы қылмыс деңгейі 11 пайызға төмендеген.

«Қазіргі таңда ең жиі тіркелетін қылмыстардың бірі – алаяқтық. Дегенмен бұл бағыттағы жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Жыл басынан бері бөтеннің мүлкіне қол сұққаны үшін 300-ден астам адам ұсталды. Олардың басым бөлігі бұрын бірнеше рет сотталған азаматтар. Қазір ұрлықтың көпшілігі қоғамдық орындарда жасалады. Сондықтан мұндай қылмыстардың алдын алу үшін кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әр азамат ең алдымен өз мүлкінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Мамандар азаматтарды жеке деректердің қауіпсіздігіне де ерекше мән беруге шақырады. Себебі жеке ақпараттың таралуы алаяқтардың әрекетін жеңілдетуі мүмкін. Осыған байланысты тұрғындарға күмәнді қоңырауларға жауап бермеу, жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу және қаржылық операцияларды мұқият тексеру ұсынылады.

Ербол Медетбек, Ялкунжан Ашимжанов, Хангелді Ахметхан, Ернат Болатбек, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматылықтарға интернет-алаяқтардың кең таралған айла-тәсілдері түсіндірілді