Шомылу маусымы: судағы қауіпсіздік неге сақталмайды

10.06.2026 20:46

Елде шомылу маусымы басталғалы бері 10 адам су айдындарында қаза тапты

Елде шомылу маусымы басталғалы бері 10 адам су айдындарында қаза тапты. Олардың жетеуі кәмелет жасына толмаған балалар. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ведомство дерегінше, былтыр елімізде 125 адам суға кетіп көз жұмған. Оның 39-ы балалар еді. Ал кейінгі үш жылдағы статистикаға сәйкес, мұндай қайғылы оқиғалар Абай, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстарында жиі тіркелген. Мамандардың айтуынша, жазатайым жағдайлардың негізгі себептерінің бірі – демалыс кезінде алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде суға түсу. Сондай-ақ қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған орындарда болады екен. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері мұндай аумақтарда құтқару бекеттері болмайтынын ескертеді.

«Негізгі мәселенің бірі – адамдардың суға түсуге тыйым салынған жерлерде шомылуы. Қайғылы жағдайдың басым бөлігі дәл осындай тыйым салынған орындарда болады. Өздеріңіз білесіздер, республикада өзендер мен басқа да су айдындары өте көп. Ондай жерлердің бәріне құтқарушылардың да, жергілікті атқарушы органдардың да бақылау жасап, дер кезінде әрекет етуі физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Дегенмен жыл сайын қай жерлерде қайғылы оқиға көп болатынын анықтап, сол орындарға ерекше назар аударамыз», – деді ҚР ТЖМ төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Əсет Жылқайдаров.

Елімізде 50 мыңнан астам су айдыны бар. Жауапты органдар бұл аумақтарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бақылау мен алдын алу жұмыстарын күшейтіп жатыр. Ведомство мәліметінше, судағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы тұрақты түрде қадағаланады. Өрескел заң бұзушылықтар анықталған жағдайда жедел ден қою шаралары қабылданып, заң аясында тиісті жауапкершілік қарастырылады. Қазір жыл басынан бері 265 әкімшілік хаттама толтырылған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 4 миллион теңгеден асқан.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 2026 жылы 265 хаттама толтырылды. Аталған бап жеке тұлғаларға 7 АЕК,  лауазымды адамдарға және шағын кәсіпкерлік объектілеріне 10 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 20 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 60 АЕК айыппұл салуды көздейді», – деді ҚР ТЖМ төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Əсет Жылқайдаров.

Оқи отырыңыз: БҚО-да 3 жасөспірім өзенге батып кетті