Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылып, басты назарын бала оқыту ісіне шоғырландыруға мүмкіндік алды
Бүгін Республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың қоғамдағы орны мен білім беру саласын дамыту жөнінде маңызды мәлімдеме жасады. Президент білім саласына айрықша мән беретінін атап өтіп, бұл бағыт мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала беретінін айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны – мұғалім» деген. Біз өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек. 2019 жылы Президент ретінде қабылдаған алғашқы шешімдерімнің бірі ұстаздарға қатысты болды. Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білім мен жаңа технологияны игерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелесек, ертең заман көшінің басында жүреміз, – деді Мемлекет басшысы.
Соңғы жылдары білім саласында ауқымды жұмыс атқарылды. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы кезеңде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 мектептің құрылысы жоспарланып, қазірдің өзінде 128-і салынды. Бұған қоса, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына 60-тан астам мектеп бой көтерді, тағы 30-ға жуығының құрылысы жүріп жатыр.
Педагогтердің мәртебесін арттыру мақсатында «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізіліп, бүгінде 74 мұғалім осы құрметке ие болды. Былтыр 2 ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды.
Президент мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы басты назарда екенін айтты. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы екі есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы қолға алынып, оған қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылып, басты назарын бала оқыту ісіне шоғырландыруға мүмкіндік алды.
Оқи отырыңыз: Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты - Тоқаев