Алматыда қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің бірлескен отырысы өтті
«Конституцияның жаңа жобасына қатысты ой білдіріп, талқылауға қатысу - әр азаматтың елдің дамуына қосқан үлесі». Бүгін Алматыда қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің бірлескен отырысы өтіп, қатысушылар осындай пікір айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа Конституция жобасы халық билігін нығайтып қана қоймай, мемлекеттік басқарудың неғұрлым ашық әрі тиімді жүйесін қалыптастырмақ. Бұл өзгерістерді қолдау – ел болашағы алдындағы ортақ жауапкершілік. Конституциялық комиссия мүшесі, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Мейіржан Отыншиевтің пікірі осындай. Оның айтуынша, құжатта мемлекеттің егемендігі мен тәуелсіздігі, унитарлық сипаты, аумақтық тұтастығы мен президенттік басқару нысаны – конституцияның өзгермейтін құндылығы ретінде бекітілген.
«Жаңа Конституция жобасын талқылап, енді ұсындық. Соңғы шешімді республикалық референдумда тек халық қабылдайды. Бұл жерде Президенттің принципі – кез келген Конституциялық өзгерісті жалпыхалықтық, республикалық референдумда қабылдау. Үкімет те емес, комиссия мүшесі де емес, Парламент те емес, тек халық қабылдайды», – деді қалалық мәслихат төрағасы Мейіржан Отыншиев.
Реформада бір палаталы Парламент моделіне көшу, Конституциялық Соттың рөлін арттыру, адам құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін бекіту ерекше назарға алынған. Сондай-ақ мемлекет пен діннің өзара іс-қимылына қатысты нормалар нақтыланып, мәдениет пен білім беру, ғылым және инновация мәселелері нақтыланыпты.
«Конституцияның жаңа жобасында білім мен ғылымды ел дамуының басты бағыты, яғни стратегиясының басты бағыты ретінде көрсетті. Менің ойымша, бұл ұзақмерзімді дамуыңыздың бағдары ретінде көрсетіліп отыр. Жас ғалым ретінде адами капиталға бағыт-бағдар беріліп отырғаны қуантты», – деді қоғамдық кеңестің мүшесі Әкежен Кеңесов.
Айта кетейік, Ата заңға енгізілуі мүмкін ұсыныстар барлық бөлім мен 77 бапты қамтыды, яғни мәтіннің 84 пайызын құрайды. Аталған жиында сөз алғандар осы өзгерістермен танысып, оны талқылауға белсенді қатысуға және қолдауға үндеді.
Гүлмарал Изатқызы, Әлішер Ерғалиұлы