Shaiqas-2026 алғашқы ұлттық әскери-инженерлік чемпионатының финалы өтеді

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Іріктеу кезеңінен өткен кіл мықты инженерлер сайысында 20 өңірлік команда сапында 500 қатысушы бағын сынап көреді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі 13–15 тамыз аралығында Ақмола облысындағы «Амандық» полигонында Shaiqas-2026 алғашқы ұлттық әскери-инженерлік чемпионатының финалын өткізеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Іріктеу кезеңінен өткен кіл мықты инженерлер сайысында 20 өңірлік команда сапында 500 қатысушы бағын сынап көреді. Олардың қатарында студенттер, инженерлік мектептердің өкілдері, өнеркәсіп кәсіпорындарының мамандары және күштік құрылымдардың қызметкерлері бар.

Инженерлер, бағдарлама жасақтаушылар мен әзірлеушілер ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды әуеге көтеріп, жерүсті роботтарын басқарады. Кибершабуылдарға қарсы әрекет етіп, тактикалық алаңда жауынгерлік тапсырмаларды орындайды.

Жарыс «әуе жүйелері», «жерүсті жүйелері», «киберқауіпсіздік» және «тактика» деп аталатын төрт бағыт бойынша өтеді. Әр бағытта қатысушылар жүк тасымалдау, шартты түрде жараланған адамды эвакуациялау, роботтардың көмегімен мина макеттерін орнату, инфрақұрылымды цифрлық қауіптерден қорғау, кедергілер жолағынан өту, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын пысықтау және басқа да тапсырмаларды орындайды.

Тапсырмаларды тәуелсіз қазылар алқасы бағалайды. Жеңімпаздар жинаған ұпай саны бойынша анықталады. Чемпионаттың жүлде қоры – 20 миллион теңге. Финалдық кезең мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 15 тамызда өтеді.

Қорғаныс министрлігі Ақпараттық технологиялар департаменті бастығының орынбасары подполковник Алмат Махановтың айтуынша, Shaiqas – инженерлік идеяларды қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздік саласында сұранысқа ие нақты технологиялық шешімдерге айналдыратын бірегей чемпионат.

– Бүгінде қорғаныс технологияларын дамыту мықты инженерлік мектепсіз, инновациялық ойлау жүйесінсіз және ғылым, өнеркәсіп пен мемлекеттің өзара тығыз ынтымақтастығынсыз мүмкін емес. Shaiqas чемпионаты дарынды әзірлеушілердің басын қосып, болашағы зор идеяларды анықтауға және оларды елдің қорғаныс қабілеті мен технологиялық әлеуетін нығайту мүддесіне сай тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді. Чемпионат аясында жасанды интеллект, робототехника, цифрлық шешімдер мен автономды жүйелерге ерекше назар аударылады, – деді подполковник Алмат Маханов.