Спорт журналисінің 60 жылдығына орай шағын футболдан турнир өтті

30.06.2025 16:58

Ақын Ордабайұлы «Денешынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды

Алматыда сондай-ақ БАҚ қызметкерлері күні мен спорт журналисі Ақын Ордабайұлының 60 жылдық мерейтойына орай шағын футболдан турнир өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

«Динамо» стадионында ұйымдастырылған дүбірлі додаға спорт ардагерлері мен журналистерден құралған 8 команда қатысып, бақ сынады.

Турнирдің салтанатты ашылуында Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Ақын Ордабайұлын «Денешынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.

Турнир қорытындысы бойынша «Қазақфильм-Достар» командасы чемпион атанды. Күміс жүлде «Іле» командасына, қола жүлде Қордайдан келген ардагерлерге бұйырды. Турнирдің үздік ойыншысы ретінде спорт журналисі Әлім Анапиянов танылды. Жеңімпаздарды белгілі спорт ардагері Ерғали Мұхитдинов бағалы сыйлықтармен марапаттады.  

«Өзім өмір бойы спорт журналистикасында келе жатқан соң, қазақ спорт журналистикасының дамуына тамшыдай болса үлес қоссам, өзімді бақытты санар едім. Жылдар бойы еткен еңбегім, талай ауылды аралап, ауыл спортын ашсам деп жүгірген еңбегім бекер кетпеген сияқты. Шынымды айтсам, бүгін қуаныштан жарылып кетейін деп тұрмын», - деді спорт журналисі Ақын Ордабайұлы.

Оқи отырыңыз: Алматыда Амангелді Сейітханды еске алуға арналған бильярд турнирі өтті