Спортта тыйым салынған дәруменнің тізімі жаңарды

09.01.2026 21:11

Жаңа тізім 1 қаңтардан бастап ресми түрде қолданысқа енгізілді

Depositphotos.com

2026 жылдан бастап күшіне енген Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (ДДҚА) жаңартылған тізімін зерттеп, қандай заттар енді допинг деп саналатынын анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

ДДҚА жыл сайын спортта қолдануға тыйым салынған субстанциялар мен әдістер тізімін жаңартып отырады. Бұл дәстүр 2026 жылы да жалғасын тауып, жаңа тізім 1 қаңтардан бастап ресми түрде қолданысқа енгізілді.

Жаңартылған құжатқа фламодафинил мен фладрафинил ресми түрде енгізілді. Бұл — модафинилге ұқсас, жүйке жүйесіне айтарлықтай әсер ететін күшті стимуляторлар. ТМД елдерінде олар көбіне «зейінді арттыратын қоспалар» ретінде еркін сатылып келеді. Алайда енді бұл заттар допинг ретінде қатаң тыйым салынған.

Сондай-ақ пегмолесатид (ЭПО-ның синтетикалық баламасы, PEG-EPO, MIRCERA, EPO-mimetic) те ДДҚА-нің тыйым салынған заттар тізіміне ресми түрде қосылды. Бұл препарат ағзадағы оттегінің тасымалдануын жасанды түрде арттырып, төзімділікті күшейтеді. Көп жағдайда ол «күш беретін» биологиялық белсенді қоспалардың құрамында жасырын түрде кездеседі.

2026 жылдан бастап ДДҚА-нің М1 санатына көміртек тотығы (CO), яғни иіс газы да енгізілді. Бұл затты қан түзілуін ынталандыру, төзімділікті арттыру немесе басқа да мақсатта қолдануға қатаң тыйым салынады. Дегенмен, кейбір жағдайлар антидопинг талаптарынақайшы келмейді. Мәселен, көміртек тотығының ағзаға ауа арқылы түсуі, темекі шегу немесе медициналық тексерулер (гемоглобин массасын өлшеу секілді) кезінде анықталуы ереже бұзған болып есептелмейді.

Қанмен байланысты кез келген манипуляциялар — оны алу немесе қайта енгізу — бұрынғыша тыйым салынған күйінде қалды. Бұған донорлық немесе медициналық және рұқсат етілген допингтік рәсімдер кірмейді. Сонымен қатар, енді тыйым тек модификацияланған жасушаларға ғана емес, жасуша құрамдас бөліктеріне — митохондриялар мен рибосомаларға да таралады.

2026 жылдан бастап α-нафтофлавон мен BAM15 заттары да тыйым салынғандар қатарына енді. Бұл қосылыстар көбіне «май кетіретін» немесе «энергияны арттыратын» құралдар ретінде ұсынылады. Алайда ДДҚА оларды допинг деп танып, қолдануға толық шектеу қойды. Аталған заттардың еркін саудада қолжетімді екені де белгілі.

Осы орайда Қазақстанның Допингке қарсы ұлттық орталығы спортшыларды, жаттықтырушыларды және медициналық қызметкерлерді жаңартылған тізіммен мұқият танысуға шақырады.

Айта кетейік, құжатта анаболикалық агенттер, пептидті гормондар мен өсу факторлары, гормондық және метаболизмді реттейтін заттар, сондай-ақ стимуляторлар санаттары бойынша тыйым салынған заттарды анықтауға көмектесетін қосымша мысалдар келтірілген.

"Антидопинг ережелерін бұзбау үшін витаминдерге, дәрі-дәрмектерге және биологиялық белсенді қоспаларға ерекше сақтықпен қарауды ұсынамыз", — деп атап өтті ДДҚА өкілдері.

Дереккөз: Kazinform

Оқи отырыңыз: Әскерге жарамдылық туралы анықтаманы eGov-тан алуға болады