STOP СТАЛКИНГ: Алматыда11 қылмыстық іс тіркелді

02.03.2026 15:29

Мамандардың айтуынша, сталкинг көбіне «махаббат сезімін білдіру» деген желеумен жасалады

Алматыда сталкинг дерегі бойынша 11 қылмыстық іс тіркеліп, оның алтауы сот қарауына жолданды. Бұл туралы шаһарда өткен «STOP СТАЛКИНГ» форумында айтылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Маңызды жиында Қылмыстық кодекстің 115/1-бабы жан-жақты түсіндіріліп, адамды қудалап, үрей құшағында ұстағандар заңмен жазаланатыны ескертілді.

Айта кетейік, аталған бапқа сәйкес, егер біреу жәбірленушіге жүйелі түрде тыным бермей, үйінің маңын торауылдаса, құқық бұзушы 50 тәулікке дейін қамауға алынып, 800 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Сондай-ақ 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы да қарастырылған. Мамандардың айтуынша, сталкинг көбіне «махаббат сезімін білдіру» деген желеумен жасалады.  

«Өз еркіне қарсы азаматпен, яғни жәбірленушімен бірде бір сұхбат ұйымдастыру, яғни соларға іс әрекеттер қабылдау бәрі сталкинг болып табылады. Көбінесе өкінішке қарай, әйел азаматтары – жәбірленуші», – деді ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы басшысының орынбасары Айтан Елеусізов.

«Қазіргі таңда жеке кеңістік – өте күрделі мәселе. Көбі оны махаббат, сезіммен шатастырады. Алайда Қылмыстық кодекстің 115/1-бабы бойынша жауапкершілік көзделген», – деді ПД Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бөлім бастығы Дәурен Майлықбаев.

Оқи отырыңыз: Щучинскідегі жарылыс: зардап шеккен 5 адам Астанаға жеткізілді