Төтеншеліктер су қоймаларында тәртіп бұзып, ереже елемегендер әкімшілік құқық бұзушылық арқалайтынын еске салып отыр
Алматылық төтеншеліктер су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Себебі қазір қалада қатқан мұздың қалыңдығы 4-7 сантиметр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қала аумағында қыс мезгілінде қауіпті саналатын 6 су қоймасы бар. Атап айтқанда, Түрксіб ауданындағы Әуежай көлі мен Шестуха, Медеудегі Көлсай шағынауданына жататын су қоймасы мен Сұлусайдағы Юннат көлі, Жетісу ауданындағы Бірінші мамыр тоғаны, Алатау ауданындағы шағын көл. Қазір бұл аумақтарда рейдтік шаралар күшейтіліп, ескерту тақтайшалары орнатылған.
«Ауа райы күрт суытты. «Мұздың беті қатайды, қалыңдығы жеткілікті, мұздың үстіне шығуға болады» деген алдамшы ақпарат келуі мүмкін. Сондықтан қала тұрғындарына мұзға шықпауға, шыққан жағдайда жалғыз қалмауға шақырамыз. Дегенмен абайсызда мұз жарылған жағдайда, үрейге берілмей мұзға ақырындап жатып, еңбектеп қауіпсіз бағытта шығу керек», – деді Жетісу ауданы ТЖБ бас маманы Рауан Дәуренұлы.
Құтқарушылардың айтуынша, бір адамның салмағын көтеретін мұздың қалыңдығы кемінде 15 сантиметр болуы тиіс. Ал бірнеше адам жүріп-өту үшін ол 25 сантиметрге дейін қату қажет. Биыл қыстағы ауа райының құбылмалы болуына байланысты су айдандарында жағдай тұрақсыз. Былтыр осы мезгілде мұздың қалыңдығы 40 см-ден асса, қазір 10-ға да жетпейді.
«Мұз өте жұқа. Мұздан өтуге тыйым салынады. Одан кейін бала-шағаға ие болу керек. Су аймақтарында, мұзда адамдар балаларын қараусыз қалдырады. Балалар барып, мұзды аяқпен теуіп, тексеріп көргісі келеді. Кез келген уақытта жарылып кетеді. Сондықтан қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет», – деді республикалық жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Серік Дәмен.
Қыс мезгілінде дәл осылай мұз астына құлап кетсеңіз, ең алдымен келесі әрекеттерді жасау керек. Қазір мұздың қалыңдығы 4-7 см, мұны мамандар тұрақсыз, яғни «ақ мұз» деп атайды. Сондықтан қорқыныш пен үрейге бой алдырмай, барынша тынышталып, мұздың шетіне шынтақпен жабысып қалуға тырысу қажет. Кейіннен көлденең жатуға ұмтылған жөн. Құтқарушылар келгенде сізге арқан немесе богор лақтырады. Оны барынша мықтап ұстап, қозғалмау керек. Мамандар күш салып, сізді өздері арнайы құрылғымен алып шығып, жақын жағалуға дейін жеткізеді.
Қазір қала аумағындағы 7 қауіпті учаскеде интеллектуалды бейнебақылау жүйесі орнатылған. Бұл камералар нақты уақыт режимінде қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ төтеншеліктер су қоймаларында тәртіп бұзып, ереже елемегендер әкімшілік құқық бұзушылық арқалайтынын еске салып отыр.
Әйкерім Пернебек, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Алматылық құтқарушылар өрттің таралуына жол бермеді