Әскери сүңгуірлер оқу-жаттығу кешенінде қысы-жазы кәсіби біліктілігін шыңдайды
Елдің қауіпсіздігін күзететіндер аспан мен құрлықта ғана емес, судың түбінде де торуылдайды. Көптің көзіне түсе бермейтін, бірақ ерлігі ерен ерлердің есімі дәл бүгін ұлықталуы тиіс. Тәуелсіздік алғаннан бастап еліміз жауынгерлік теңіз флотын да күшейте берді. Ол отандық үлгідегі су жаңа әскери кемелермен толықты, жаңадан күштік құрылымдар пайда болды. Бұл сюжетте Ақтаудағы әскери теңіз базасында су астында әрекет ететін сүңгуірлер ротасын көрсетпекпіз. Арнайы мақсаттағы жасақ десантты-шабуылдау әскерлерімен бірлесе қимылдайды, деп хабарлайды Almaty.TV тілшісі.
Әскери сүңгуірлер соңғы үлгідегі қару-жарақпен жабдықталған. Олар Каспий түбінде су бетіне ауа көпіршігін шығармайтын оттегі баллондарымен тыныстайды. Арнайы жасақ лаңкестер басып алған кеме немесе теңіз инфрақұрылымына дыбыссыз жақындап, жаудың көзін жоюға әбден машықтанып алған. Сондай саңлақтардың бірі аға матрос Заманбек Бақтыгереевтің жауапты әрі қатерлі қызметте жүргеніне 3 жылдан асқан.
«Кез келген әскерден бұрын бірінші келу - біздің басты мақсатымыз. Бұл сала қатерге толы, ол рас. Күн-түн демей команда түскен жағдайда біз қашанда дайынбыз», - деді Сүңгуірлер ротасының аға матросы Заманбек Бақтыгереев.
Әскери сүңгуірлер оқу-жаттығу кешенінде қысы-жазы кәсіби біліктілігін шыңдайды. Мәселен, жағалауда тұрған нысанның биіктігі 14 метрге жуық. Соның 6 метріне теңіз суы толтырылған. Сүңгуірлер тобы су астында жасайтын іс-әрекетін осы жерде қайталап, жаттығады. Кешеннің кеме палубасына ұқсас бөлмесіне арқанмен өрмелеп шығу, каюта ішіне бекінген қарсыластың көзін жою үнсіз әрі мейлінше жылдам атқарылады.
«Су астынан келеміз. Біздің келгенімізді ешкім байқамауы керек. Түнде келеміз әрі гидрокостюмдер қара түсті болғандықтан, бізді ешкім көрмейді. Су астында ататын арнайы тапаншалар бар, СПП-1 деп аталады», - деді Сүңгуірлер ротасының командирі Жәнібек Саликбаев.
Осылайша сүңгуірлер десантты-шабуылдаушы топқа жол ашады. Одан ары плацдармға бекініп, жауды талқандайтын да осы аталған күштік құрылым. Теңіз десанты әскерінің жаттығуы да осал емес. Ала жолақ жейделі сарбаздар күніне жағалау жиегімен бірнеше шақырым жүгіреді екен. Одан ары қарумен және атыс құралынсыз жекпе-жек ұрыс тәсілдеріне машықтанады.
«Бұрында Каспий теңізін тек теледидардан көретін едім. Қазір десантты-шабуылдау батальонында қызмет етіп жатырмын. Теңіздің жағасында күнделікті жаттығулар өтеді және алдағы уақытта бізге өз пайдасын тигізеді деген ойдамын», - дейді матрос Назар Назарұлы.
Десантты-шабуылдаушы әскерлер құрамы жарты жыл сайын жас сарбаздармен толығып тұрады. Таяуда Ақтау теңіз портында өткен тактикалық оқу-жаттығуда жауынгерлер кәсіби шеберлігін байқатты.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Отан қорғаушы күні: Алматыда 300 оқушының қатысуымен парад өтті