Су қоймасын салу үшін қажетті жерлер мен орман алқаптарын алып қоюға рұқсат етіледі

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Мәжіліс заңды екінші оқылымда қабылдады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Су қоймаларын салу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мен орман алқаптарын алып қоюға рұқсат етіледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қыземтіне сілтеме жасап.

Мәжіліс депутаттардың бастамасымен әзірленген орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжат 2025 жылдың 23 сәуірінде бірінші оқылымнан өтті. Заң аясында 4 кодекс пен 8 заңға өзгеріс енгізіледі.

Түзетулер аясында суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын, ауыл шаруашылығы, биологиялық және ирригациялық-мелиорациялық, балық шаруашылығы бейініндегі ғылыми-зерттеу және оқу орындарының тәжірибелік алқаптарының жерлерін, орман және су қорын алып қоюға рұқсат беріледі. Бұл ретте алып қою мақсаттары тек стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстарды, селден, қар көшкiнiнен, көшкiндерден қорғайтын басқа да құрылыстарды салу және пайдалану, сондай-ақ сейсмологиялық станциялар желiсiн кеңейту болуы мүмкiн. Бұл шара оларды орналастырудың басқа жолы болмаған жағдайда және экономикалық қызметтің шектеулі режимі белгіленген жер учаскелерінде ғана қарастырылады

«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шекарасында орналасқан және оларды құру мен кеңейтуге дейін жұмыс істеп тұрған денсаулық сақтау және білім беру объектілерін, қолданыстағы зираттарды, кәріздік тазарту құрылыстарын, электр беру желілерін пайдалану үшін олардың нысаналы мақсатын өзгертпей беруге рұқсат етiледi», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету желілерінің коммуникацияларын салу үшін мемлекеттік орман қоры жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру да мүмкін болады.

Сонымен қатар депутаттардың ұсынысы бойынша туристік объектілердің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда инженерлік инфрақұрылымды (жолдар, көпірлер, коммуникациялар және басқалар) жобалау, салу және пайдалану тәртібі белгіленді.

Оқи отырыңыз: БҚО-да үй өртеніп, бір отбасының 5 баласы көз жұмды

Новости партнеров