Су құбыры жарылған: үйінің қабырғасы шөгіп кеткен атыраулықтар аймақ басшысынан көмек сұрайды

25.07.2025 18:57

Халық жауапты мекемені кінәлайды

2023 жылы жерасты су құбырының жарылуы салдарынан Самал ықшамауданындағы бірнеше үйге зақым келген. Түн ұйқысы төрт бөлінген ел бір күні қирандының астында қалып қоямыз ба деп қорқады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өйткені, екі қабатты баспанада жарықтар пайда болып, қабырғасы шөгіп жатыр, ал едені опырылуға шақ. Қараша бұған жауапты мекемені кінәлайды. Себебі әу баста су құбырлары дұрыс тартылмай, жұмыс аяқсыз қалыпты.

 «Құбырдың бойынан судың ағуы тоқтар емес. Бригада келді, бірақ олар өз жұмыстарына салғырт қарады. Уақытында тоқтатқан жоқ. Соның салдарынан үйдің қабырғасы сөгіле бастады. Сотқа жүгіндік, бірақ олар қарамады. Дәлелдің бәрін жоққа шығарды. Үй қазір авариялық жағдайда. Тұруға қауіпті. Құлау қаупі бар», – деді Самал ықшамауданының тұрғыны Алтынбек Саржанов.

«Алтыншы үйдің астынан су кетіп,  іргетасы жарылып, құлап жатыр. Соның зардабы бізге тиіп жатыр. Шарбағым құлап жатыр. Бізге де қорқыныш бар. Түн ұйқымыз төрт бөлініп отырмыз, – деді Самал ықшамауданының тұрғыны Зияда Молдашева.

Баспана айналасындағы көшенің жолы да астаң-кестең. Бордай үгілген жолдың кесірінен мұнда апат та артыпты. Қыруар қаржы салдық деген бұқара енді өтеуін кімнен сұрарын білмей дал.

«Жол түсіп кеткен. Машиналар қашамыз деп жол апаты болуы мүмкін. Соғысып қалатын кездер де болды. Ақшаға салдық қой», – деді Самал ықшамауданының тұрғыны Асылан Қуанов.

Ал «Атырау Су» судан ақ, сүттен тазамыз деп отыр. Мекеме өкілдері «ақау орталық жүйеден кеткен жоқ. Сондықтан тұрғындарға байбалам салудың қажеті шамалы» дейді.

«Ол жеке желі, «Атырау Су арнасына» түк қатысы жоқ. Магистральды құбырда авариялық апат болмады. Әу баста су кеткені жайлы хабар берді, бригада қарап шықты. Ол енді жеке баланстағы құбыр, бізге қатысы жоқ. Бұған дейін тұрғындар сотқа берген. Сондықтан тұрғындарға көмектесе алмаймыз», – деді  «Атырау Су арнасы» ММ құқықтық қамтамасыз ету және персоналды басқару бөлімі басшысының м.а. Михаил Пак.

Самалдықтар сотқа да арыз түсірген. Қажетті айғақ, дәлелдерін де көрсетіпті. Бірақ сот негізсіз деп таныпты. Табан тоздырып, талай есік қаққанымен «естір құлақ жоқ» деп налыған халық аймақ басшысы Серік Шәпкеновке үміт артып отыр.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысындағы қараусыз нысан қаңғыбастар мекеніне айналған