Жамбыл облысындағы қараусыз нысан қаңғыбастар мекеніне айналған

Жергілікті билік 2021 жылы иесіз нысанды мемлекет меншігіне алған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысындағы Көктал ауылында 45 жыл бойы қараусыз тұрған ғимарат қауіптің ордасына айналды. Жұрт балабақша маңындағы нысанның маскүнемдер мен қаңғыбас иттердің мекені айналғанына алаңдап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үш қабатты қараусыз нысан Көктал ауылының қақ ортасында орналасқан. 45 жыл бұрын орта мектеп ретінде басталып, кейін құрылысы тоқтапты. Содан бері иесіз тұр. Қоршауы жоқ нысанға ойын баласы үйір. Қызық көріп үстіне шығады. Одан қалды, қаңғыбас иттер қаптап, кешке маскүнемдердің ордасына айналған.

 «Ішкен де, шеккен де келіп, төбелеседі. Ал кішкентай балалар бірін-бірі қуалап ойнайды. Арматуралар біреуіне кіріп кетсе, кім жауапты? Малдарын да қамап кетеді. Қаңғырған ит те түнейді», – деді Көктал ауылының тұрғыны Гүлнар Серікбаева.

Қараусыз ғимараттың қоршауы жоқ болғандықтан кез келген тұрғын кіріп қоқыс тастап кетеді. Салдарынан іші тұрмыстық қалдыққа толған. Мұнда жануардың өлексесі де кездеседі. Тұрғындар содан ауру тарай ма деп қорқады.

«Аяқталмаған мектеп 2 гектарға жуық жерде орналасқан. Сондықтан ауыл қариялары бос жатқан жерге ардагерлерге арналған саябақ салуды сұрап отыр. «Мына ғимарат босқа тұрғанша қарттарға орталық салса, дұрыс болар еді.  Қазір баратын жер жоқ», – деді Көктал ауылының тұрғыны Темірлан Божбанов

Ал жергілікті билік 2021 жылы иесіз нысанды мемлекет меншігіне алған. Екі жылдан соң әлеуметтік нысан салу үшін аудан балансына берілген.

«Біздің ауылдың ұсынысы бойынша жатақхана салу жұмыстары жүргізілуде.  Мектептің аумағы 1,2 гектар, ал қасындағы бос жатқан 60 соттық жерді құрылыс бөліміне беріп отырмыз. Ауылымызға спорт кешенін салып беруді сұрап отырмыз», – деді  Көктал ауылының әкімі Серік Қайпулдаев.

Ауылда 4 мыңға жуық халық тұрады. Ал балаларға спорт кешені ауадай керек. Қараусыз мектеп жаңғыртудан өтсе де, кезекте тұрған тұрғындардың қуанышында шек болмайын деп тұр. Енді тек бюджет бүйірінен ақша бөлінсе болғаны.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында бейнебақылау камерасының саны артады

Новости партнеров