Референдумға дейін:
9
күн
4
сағат
58
минут

Су тасқыны қаупі: Олжас Бектенов өңір басшыларына қандай тапсырмалар берді

primeminister.kz
primeminister.kz

Бес өңірде мұз қалың екені айтылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны қаупі бар бес өңірде – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында мұз қабатының қалыңдығы 4 см-ге дейін және топырақтың тереңдігі 2 м-ге дейін қатуы байқалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Республикалық штаб отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдар мен ведомстволарға бірқатар тапсырма берді.

Экология министрлігі күнделікті гидрологиялық мониторинг пен ауа райы болжамын қамтамасыз етсін. Мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тиісті дауылды ескертулерді шұғыл жеткізіп отырсын.

Жасанды интеллект министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Tasqyn» ақпараттық жүйесінің әлеуетін белсенді түрде пайдалануы керек. Әрбір әкім осы жүйеде тәуекелдерді модельдеу нәтижелеріне ерекше назар аударуға тиіс.

Су ресурстары министрлігі болжамды деректерді ескере отырып, су қоймаларын толтыру көлемін айқындасын және оларға тұрақты бақылауды қамтамасыз етсін. Қажет болған жағдайда алдын ала және қауіпсіз су жіберу шараларын қабылдасын. Сонымен қатар шекаралас мемлекеттермен бірлесіп, трансшекаралық су айдындарында су шығындары мен қауіптердің туындауы туралы тұрақты түрде өзара деректермен алмасуды ұйымдастыру қажет.

Көлік министрлігі жолдардың, көпірлердің және су өткізу құбырларының жай-күйіне тәулік бойы мониторинг жүргізуді қамтамасыз етсін.

Өңір әкімдіктері су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін қажетті ресурстарды дайындасын. Елді мекендерден қарды алдын ала шығару керек. Бұл жұмыс тек қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де жүргізілуге тиіс. Барлық су тасқыны қаупі бар елді мекендердің айналасын топырақ үйінділерімен және арнайы бөгендермен бекіту қажет. Тиісті азық-түлік, жанар-жағармай материалдары, дәрі-дәрмек қорын және басқа да тіршілікті қамтамасыз ету құралдарын, әсіресе көлік қатынасы үзіліп қалуы мүмкін елді мекендерде қамтамасыз ету керек. Қажет болса өзендерде мұз жару жұмыстарын жүргізсін. Сондай-ақ еріген қар суына қарсы инертті материалдар дайындалуы тиіс, - деп атап өтті Премьер-министр.

Төтенше жағдайлар министрлігіне азаматтық қорғау күштері мен құралдарының шұғыл әрекет етуге дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды. Құтқару топтарын тарту, оның ішінде әуе кемелері арқылы тасымалдау алгоритмдерін жаңарту қажет. Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, су басу қаупі туындаған жағдайда азаматтарды дер кезінде эвакуациялау мәселелерін пысықтау керек. Адамдарды орналастыруға арналған эвакуациялық бекеттер мен техниканың әзірлігін тексеру тапсырылды.

Олжас Бектенов барлық мемлекеттік органдар мен қызметтердің міндеті – өңірлердің су тасқынына толық дайындығын қамтамасыз ету және олардың салдарынан туындайтын қауіптерді азайту екенін атап өтті. Үйлестіру жұмысы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.

Жиын барысында Премьер-министрге «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылған аумақтарды қашықтықтан мониторинг жүргізуге арналған «Бірыңғай дрондар инфрақұрылымы» жобасы таныстырылды. Атбасар ауданының мысалында су тасқыны кезінде дрондарды пайдалану мүмкіндіктері көрсетілді. Технологиялар су деңгейі мен қорғаныс нысандарының жай-күйіне қатысты ақпаратты жедел алып, материалдарды одан әрі ТЖД жедел штабына және Digital Aqmola орталығына беруді қамтамасыз етеді. Жүйе Ақмола облысының аудан орталықтары мен қалаларында енгізілген. Сондай-ақ дрондар арқылы ТКШ нысандарының қауіпсіздігі, аумақтардың санитарлық жағдайы бақыланып, егістіктердің жай-күйін бағалау үшін ауыл шаруашылығы алқаптарын тексеру жүргізіледі. Бұл сондай-ақ өрттерді, рұқсат етілмеген полигондарды, заңсыз құрылыс фактілерін, ғимараттар мен инженерлік желілердің жылу шығынын және тағы басқаларын ерте анықтауға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Елімізде су тасқыны қаупі бар мыңнан астам елдімекен бақылауға алынды - ТЖМ

Новости партнеров