Су тасқынына дайындық: Үкімет басшысы жедел штаб отырысын өткізді

05.03.2026 15:27

Премьер-министр су тасқыны жағдайын қиындатып жіберуі мүмкін бірқатар факторға назар аударды

Аlmaty.tv

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі су тасқыны жағдайымен танысып, мемлекеттік органдар басшылығы және облыс әкімдерінің қатысуымен Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді. Президент қойған міндеттер шеңберінде тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының үздіксіз қызметіне қатысты мәселелер қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Олжас Бектенов Көкшетау қаласының жеке секторын су басу мәселесін Қылшақты өзенін тереңдету және кеңейту жолымен шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. 2024 жылғы су тасқыны кезеңінде үйлерді су басуына байланысты әкімдік «ҚазЦинк» компаниясының көмегімен жағалауды және өзен түбін нығайту жұмыстарын жүргізді, бұл каналдың өткізу қабілетін секундына 136 текше метрге жеткізуге мүмкіндік берді. Осыған ұқсас жұмыстар Шағалалы өзенінде де жүргізілді. 2025 жылғы су тасқыны сол кезде қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетті. Ақмола облысында биыл су тасқынына қарсы іс-шаралармен барлығы 163 елді мекен және 32 жол учаскесі қамтылды. Жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын Қалқұтан, Нұра, Есіл, Чаглинка және Жабай өзендерінің арналарын тазарту және түбін тереңдету жұмыстары аяқталды, 17 гидротехникалық құрылыс қалпына келтіріліп, нығайтылды.

Республикалық жедел штаб отырысында Премьер-министр су тасқыны жағдайын қиындатып жіберуі мүмкін бірқатар факторға назар аударды. Олар – қалың қар, күздегі жаңбырдан соң жер бетінің мұз болып қатып қалуы, топырақ қабатындағы терең тоң. Бұл ретте кейбір өңірлерде су тасқынына дайындық шаралары толық жүзеге асырылмаған. Оның ішінде өзендердің түбін тереңдету, жағалауды бекіту жұмыстары аяқсыз қалған, сондай-ақ елді мекендерден қарды шығару да тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеген.

Сондықтан кез келген сценарийге дайын болуымыз керек. Әкімдер жұмысты күшейтіп, әсіресе елдімекендердің маңында су тасқынына қарсы жоспарланған іс-шараларды сапалы жүзеге асыруы қажет. Бұл су басу қаупі бар барлық өңірге қатысты. Сол себепті бір апта ішінде әкімдіктер тәуекел деңгейі жоғары елді мекендерге барып, жағдайды зерделеп, қажетті шараларды қабылдауы керек, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық туралы Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация, ТЖ министрлері, сондай-ақ Көлік, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрлері баяндады. Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері тыңдалды, бұл өңірлерде болжамдарға сәйкес су басу қаупі сақталып отыр.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биылғы көктемге арналған болжамдар туралы айтты. "Қазгидрометтің" мәліметінше, Қазақстанда наурыз және сәуір айлары жылы болады, ауа температурасы нормадан 1°С жоғары, жауын-шашын еліміздің басым бөлігінде нормадан жоғары болады деп күтілуде. Жоғарыда аталған үш өңірден басқа, Шығыс Қазақстан, Абай, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Алматы, Ұлытау мен Жетісу облыстарында да қауіптер бары атап өтілді. Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарында су тасқыны қаупі төмен.

Су нысандарындағы жағдай туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндады. Республикада 1395 гидротехникалық құрылыс бар. Оңтүстік өңірлердің су қоймалары бүгінде су жинау режиміне көшті, ал солтүстік, батыс, орталық және шығыс өңірлердің объектілері жоспарлы режимде жұмыс істеп тұр. Су тасқыны кезеңінде 166 шақырымнан астам өзен арналарын қамтыған іс-шаралар жүзеге асырылды.

Оқи отырыңыз: Көкшетауда ЖЭО салу жөніндегі Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр