Сонымен қатар заманауи суару жүйелерін енгізу қарқыны да жеделдеді
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте 214,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл алдыңғы үш жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялауға 13,5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша, бұл шара шаруалардың жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелеріне айтарлықтай қаржы шығынынсыз көшуіне мүмкіндік беруге, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізуге ниетті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қамту аясын кеңейтуге бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін министрлік шаруалардың су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын өтеу мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін арттырған болатын. Мұндай технологияларды қолданған кезде суармалы судың субсидиясы 85%-ға дейін ұлғайтылды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанда су үнемдеу технологиялары қолданылатын жалпы аумақ 702,3 мың гектарға жетті. Бұл шамамен 1,1 млрд текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар заманауи суару жүйелерін енгізу қарқыны да жеделдеді. 2024 жылға дейін бұл көрсеткіш жылына орта есеппен 30 мың гектарды құраса, 2024-2026 жылдары жылына 150 мың гектардан асты.
Бұдан бөлек, суармалы суды субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, лазерлік тегістегіш субсидияланатын су үнемдеу технологияларының тізіміне қосылды.
«Қазақстан халқына Жолдауында Президент ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Өйткені тұтынылатын су ресурстарының 60%-ына дейінгі бөлігі осы салаға тиесілі. Министрлігіміз жүзеге асырып жатқан кешенді шаралар осы міндетті орындауға бағытталған. 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары қолданылатын жалпы аумақты 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Оқи отырыңыз: Тауар аларда бөліп төлеудің қандай түрлері бар және айырмашылығы неде