сот Ақмола облысы әкіміне қатысты жеке қаулы шығарды
Ақмола облысындағы дәмханалардың бірінде болған жарылысқа қатысты іске нүкте қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еске салайын, биыл 26 ақпанда Щучинскідегі тамақтану орнында газ-ауа қоспасы жарылып, артынша ірі өрт шыққан еді. Қайғылы оқиға салдарынан 12 адам көз жұмып, тағы 28 азамат түрлі жарақат алды. Тергеу мәліметінше, дәмханада газ баллондары пайдаланылып қана қоймай, олар жылыту радиаторларына жақын жерде сақталған.
Бұдан бөлек, қоғамдық орын басшысы қызметкерлеріне және газ жабдығын пайдалануға жауапты тұлғаларға тиісті нұсқама жүргізбеген. Ал газ тасымалдау және оны жеткізуге қатысты рұқсаты жоқ адам кафеге газ баллондарын жеткізіп жүрген. Сот үкіміне сәйкес, дәмхананы жалға алып жұмыс істеген басшы мен автогаз құю стансасының директоры 7 жылға, ал газ баллондарын жеткізген азамат 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сотталушылар жәбірленуші тарапқа моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Одан бөлек, сот Ақмола облысы әкіміне қатысты жеке қаулы шығарды
«Ақмола облысының әкімі Щучинск қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша алдын алу жұмыстары мен тиісті мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысында анықталған кемшіліктерге назар аударсын», – деді судья Әсел Ілиясова.
Оқи отырыңыз: Беті ісіп, көгерген: Астанада тәрбиешінің үстінен іс қозғалды