Судағы қауіпсіздік: Қазақстанда 22 мыңнан астам рейд жүргізілді

17.05.2026 15:16

Өткен жылы патруль барысында 276 адам, оның ішінде 85 бала құтқарылған

Аlmaty.tv

Қазақстанда шомылу маусымы басталуына байланысты су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Брифингте ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті басқармасының бастығы Магомет Ахриев судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Ішкі істер министрлігі және жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, судағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асырып келеді.

Жыл басынан бері:

  • 22 мыңнан астам рейд пен патрульдеу жүргізілді;
  • судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Олар ӘҚБтК-нің:

  • 364-бабы (жалпы су пайдалану қағидаларын бұзу),
  • 412-бабы (қауіпсіздік талаптарын сақтамау),
  • 440-бабы (қоғамдық орында мас күйде болу) бойынша жазаланады.

Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

ТЖМ дерегінше, жыл басынан бері:

  • 7,5 мың бала жүзу дағдыларын үйренген;
  • 95 мыңнан астам ақпараттық материал таратылған;
  • су айдындарына 760 қауіпсіздік белгісі орнатылған.

Сонымен қатар, балаларға арналған қауіпсіз жағажайлар ұйымдастырылып, жазғы маусымда құтқарушылар арнайы оқыту жұмыстарын жүргізеді.

Қосымша құтқару бекеттері ашылады

Шомылу маусымы кезінде күзетілмейтін су айдындарында қосымша 168 мобильді құтқару бекеті орналастыру жоспарланған.

Қауіпсіз демалыс орындары туралы ақпарат жергілікті әкімдіктер мен ТЖД сайттарында және 2GIS қосымшасында жарияланып отыр.

Бүгінде ел бойынша:

  • 733 рұқсат етілген демалыс орны анықталған;
  • оның 257-сі коммуналдық, 433-і жеке жағажай;
  • барлық коммуналдық жағажай халық үшін тегін.

ТЖМ мәліметінше, жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде судағы қайғылы оқиғалар саны жыл сайын азайып келеді. Өткен жылы патруль барысында 276 адам, оның ішінде 85 бала құтқарылған. 2025 жылы судағы қаза болу жағдайы 2024 жылмен салыстырғанда 22%-ға төмендеген.

Мамандар азаматтарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Рұқсат етілмеген жерлерде шомылу және жүзу құралдарын пайдалану әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.

Оқи отырыңыз: ЖИ көмегімен қатерлі ісікті анықтаған қазақстандық оқушы АҚШ-та марапатталды