ЖИ көмегімен қатерлі ісікті анықтаған қазақстандық оқушы АҚШ-та марапатталды

ҚР Оқу-ағарту министрлігі
ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстан атынан жеті оқушы бес ғылыми жобаны ұсынып, ел намысын қорғады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

АҚШ-тың Phoenix қаласында Regeneron ISEF 2026 дүниежүзілік ғылыми-инженерлік көрмесі аяқталды. Әлемдегі ең беделді ғылыми додаға биыл 60-тан астам елден 1700-ге жуық жас зерттеуші қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінен атап өткендей, Қазақстан атынан жеті оқушы бес ғылыми жобаны ұсынып, ел намысын қорғады.

Байқау қорытындысында Тараз қаласындағы Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Арнұр Артықбай арнайы жүлделермен марапатталды.

«Ол «Машиналық оқыту негізінде қатерлі ісіктерді автоматты түрде анықтау жүйесі» атты ғылыми жобасымен MAWHIBA Foundation қорының 400 доллар көлеміндегі ақшалай сыйлығын және Сауд Арабиясының Король Фахд атындағы Мұнай және пайдалы қазбалар университетіне (KFUPM) білім беру грантын иеленді.

Жоба жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы қатерлі ісіктерді ерте әрі дәл анықтауға бағытталған», - делінген хабарламада.

Regeneron ISEF - мектеп оқушылары арасындағы әлемдегі ең ірі ғылыми-инженерлік көрмелердің жетекші алаңы. Байқауды халықаралық ұйымдар мен ірі технологиялық компаниялар қолдайды. Солардың бірі — Сауд Арабиясындағы дарынды балалар мен жас ғалымдарды қолдауға бағытталған және ғылым, технология мен инновация салаларындағы таланттардың халықаралық деңгейде дамуына мүмкіндік беретін ұйым.

Қазақстан бұл дүниежүзілік байқауға 1999 жылдан бері ұлттық серіктес ретінде тұрақты қатысып келеді.

Оқи отырыңыз: Аралдың құрғаған табанында 53 млн түп сексеуіл отырғызылды

Новости партнеров