Аталған саланы цифрландыру да ары қарай жалғаса бермек
Қазақстанда сот жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев судьялардың ІХ съезінде осы саланы реформалау бойынша бірнеше ұсынысын айтты. Мәселен, келер жылы кассациялық сот өз жұмысын бастайды. Аталған саланы цифрландыру да ары қарай жалғаса бермек. Бүгінгі басқосуға бүкіл өңірдің судьялары жиналып, өз ойларын ортаға салды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Маңызды шарада сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев салаға тың серпін керек екенін айтты. Президенттің айтуынша, әділ сот мемлекеттің тірегі, сондықтан сот билігі қашанда абыройлы әрі мінсіз болуға тиіс. Мемлекет басшысы сот мамандарын іріктеу және құзыретін күшейтуге баса мән беру қажет дей келе, салаға жоғары білікті мамандарды тарту қажеттігін жеткізді.
«Елімізге жоғары білікті және тәжірибелі кадрлар қажет. Ең алдымен, сот лауазымдарына іріктеу ісін жетілдіре түсу керек. Оның әділ өтуін қамтамасыз еткен жөн. Бұл жұмыста цифрлық технологияны қолданған жөн. Бұдан бөлек, сот кадрларын даярлауға қатысты жаңа ұстанымдар әзірлеу керек», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келер жылы жаздан бастап елде кассациялық сот жұмысын бастайды. Жоспар бойынша ол жоғарғы соттың жұмысын жеңілдету керек. Президент ол бағытқа қызметіне адал адамдарды іріктеп алуды тапсырды. Оның үстіне Қазақстанда судьяларға қатысты Әдеп кодексі де енгізілгелі жатыр.
«Ол кодексте енді судья өзінің жұмыста, жұмыстан тыс уақытта өзін қалай алып жүру керек екені көрсетіледі, сондай-ақ оның отбасы мүшелері де Әдеп кодексінің нормасын сақтауы керек. Жауаптылығы, берілетін жазалар, бәрі сол Кодексте көрсетілген», - деді Шымкент қалалық сотының судьясы Еркебұлан Төлешов.
Аталған сала мамандары соңғы 10 жылда сот жүйесі қарқынды дамып келетінін айтады. Бір ғана цифрлық шешімдер заң қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіпті. Оған қоса енді жасанды интеллект те осы салаға енгізіледі. Онлайн сот отырыстары да халықтың құқықтық сауатын ашып, сот жүйесінде еңбек еткісі келетін жастардың санын арттыруға септесіп жатыр екен.
Айта кетейік, бүгін Астанада Қазақстандағы судьялардың ІХ съезі өткен еді. Жалпы бұл бас қосу әр 4 жыл сайын ұйымдастырылып отырады.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, Almaty TV арнасы, Астанадан
Оқи отырыңыз: Президент қолдады: Қазақстанда судьялардың жаңа Әдеп кодексі қабылданады