"Сүйінші, ағайын!": Төреғали Төреәлінің жетінші баласы дүниеге келді

08.04.2026 14:31

Сәбиге әзірге есім берілмеген

Фото: instagram.com/impresario.tv

Танымал әнші Төреғали Төреәлі отбасында қуанышты жаңалық орын алды – ол жетінші рет әке атанды. Өнер иесінің жұбайы Толқын қыз баланы дүниеге әкелді, - деп хабарлайды Almaty.tv. тілшісі Malim.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы әншінің продюсері Жан Мұқанов әлеуметтік желіде хабарлаған.

"Құрметті қазақ елі! Бүгін қуанышты жаңалықпен бөліскім келеді. Төреғали Төреәлі отбасында қыз бала дүниеге келді! Сүйінші! Бүгін – 7 сәуір күні, кешкі сағат жетіде жетінші перзент дүниеге келді. Бұл – жетінші қыз бала. Киелі жетілік! Шын жүректен құттықтаймын! Алла тағала сәбиге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, жарқын болашақ нәсіп етсін. Әке-шешесіне қуаныш, береке, бақыт әкелсін. Осындай ақжолтай сәттер қазақ еліне көбейе берсін! Құтты болсын!", – деп жазды продюсер.

Продюсердің айтуынша, сәбиге әзірге есім берілмеген. Ол оқырмандардан есім нұсқаларын ұсынып, солардың ішінен таңдау жасалуы мүмкін екенін жеткізді.

Төреғали Төреәлі (толық аты-жөні Төреғали Төреәліұлы Әлиханов) – қазақстандық танымал әнші әрі актер, 1992 жылдың 14 қазанында Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Ол 2009 жылы Юрий Гагарин атындағы №8 мектепті тәмамдап, кейін Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының колледжінде актер мамандығы бойынша білім алған.

Оқи отырыңыз: «Дәстүрімізге жат»: Энрике Иглесиасқа сахнада қазақстандық қыздарды сүюге тыйым салына ма