Астанада Airba Fresh азық-түлік жеткізу қызметі іске қосылды

Жобаның мақсаты – халықты сапалы, табиғи таза азық-түлікпен қамтамасыз ету

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада Airba Fresh азық-түлік жеткізу қызметі іске қосылды. Халықты сапалы өніммен қамтамасыз ететін онлайн супермаркет күніне 3 мыңнан астам тапсырысты орындап, тұтынушыға тауарды бір сағаттың ішінде жеткізіп береді. Airba Fresh қолжетімді бағасымен ғана ерекшеленбейді, ол сондай-ақ ауыл шаруашылығына да қолдау көрсетеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астаналықтар үшін сапалы жеміс-жидек, көкөніс сатып алу жеңілдей түспек. Елордада азық-түлік жеткізетін Airba Fresh онлайн супермаркеті іске қосылды. Елімізде 3 жыл бұрын қолға алынған жобаның мақсаты – халықты сапалы, табиғи таза азық-түлікпен қамтамасыз ету. Оның үстіне, онлайн дүкен отандық шаруалардың тауарын саудалауға септеспек. Сонымен қатар елге шетелден инвесторлар тартып, экспортқа да өнім шығаруды көздейді.  

"Біз үшін адам денсаулығы бірінші орында. Қазақ халқы қашанда табиғи таза өнімдер тұтынған. Сондықтан сапалы өнім ұсынуды мақсат еттік. Бізде ауыл шаруашылығын дамытудың арнайы бағдарламасы бар. Шаруаларға өзге елдердің технологияларын ұсынуға тырысамыз. Еуропа мен Қытайдың тәжірибесін көрдік, өзімізде азық-түлік өнімдерін өндіріп, экспортты ұйымдастыру үшін де инвесторларды тарта аламыз", – деді «Технодом» компаниясының құрылтайшысы Эдуард Ким.

Airba Fresh қоймалары жаңа технологиялармен жабдықталған. Көлемі 5 мың шаршы метрді құрайды. Азық-түлікті сақтайтын тоңазытқыштары заманауи стандартқа сай жұмыс істейді. Жоспар бойынша елордадағы онлайн супермаркет күніне үш мыңнан астам адамның тапсырысын қабылдап, оны 1 сағаттың ішінде жеткізіп бермек. Алдағы уақытта дүкен сөресіне тек азық-түлік емес, дайын нан өнімдері мен жартылай дайын өнімдер де қойылады деп жоспарланған.

"Бізде үлкен цехқа арналған орын бар. Алдағы уақытта ол жерде өзіміздің өнімімізді шығарамыз. Сондай-ақ барлық сапа стандарттарына толық сәйкес келетін мұздату бөлмелері мен тоңазытқыш камералары бар. Барлық процестерді егжей-тегжейлі бақылайтын сапа бөлімі жұмыс істейді. Тұтынушыға тағам ұсынып отырғаннан кейін тауардың сапасын бақылау қатаң жүргізіледі", – деді Airba Fresh компаниясының директоры Даниэль Ким.

Airba Fresh келесі жылы Астана мен Алматыдағы үй маңайындағы дүкендер желісінің санын жүзге жеткізбек. Ал әзірге онлайн супермаркеттегі тапсырысты дер кезінде жеткізу үшін логистиканың барлық түрін пайдаланбақ. Оның ішінде агрегаторлардың да, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жүрген жеткізушілердің де қызметіне жүгінеді.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

 

 

Новости партнеров