SWAT Challenge-2026: халықаралық сайысында топ жарған сарбаздар елге оралды

13.02.2026 15:42

Оларды әуежайдан күштік құрылым басшылары мен туған-туыстары сән-салтанатпен қарсы алды

Біріккен Араб Әмірлігінде өткен «SWAT Challenge-2026» халықаралық сайысында топ жарған сарбаздар елге оралды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Оларды әуежайдан күштік құрылым басшылары мен туған-туыстары сән-салтанатпен қарсы алды. Қазақ әскерінің әлеуетін көрсетіп, тарихи жеңіске қол жеткізген жеңімпаздарды Мемлекет басшысы арнайы құттықтап, оларға алғысын жеткізді. Дубайдағы дүбірлі додаға күштік құрылымдардың ең таңдаулы жауынгерлерінен құралған 5 құрама команда қатысты. 48 елден 109 команда өнер көрсеткен сайыста қазақстандық мергендер мен десанттар бірінші, екінші, сегізінші, жиырмасынша орын иеленді. Ал қыздардан құралған «Tomiris» тобы жалпы есепте 18-орынға тұрақтап, ал әйелдер командалары арасында бірінші орынға шықты.

«Жастар сіздерді көріп, арнайы жасақта қызмет етуді армандайды деп ойлаймын. Сіздер беделін одан сайын арттыра түстіңіздер. Мен қыздардан құралған «Томирис» тобын ерекше атап өткім келеді. Олар жалпы есепте көптеген ерлер командасынан озып кетті. Сайыстың нәтижелері – жай ғана жүлделі орындар емес, жоғары дайындықтың, үйлесімділіктің және шеберліктің көрсеткіші. Сіздерге табыс тілеймін!» – деді ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов.

Оқи отырыңыз: Үш қазақстандық могулшы қысқы Олимпиаданың финалына өтті