Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жұмысшылар өлімі: екі күдікті қамауға алынды

14.11.2025 14:36

Тергеу шаралары аяқталған соң іс бойынша шешім қабылданатын болады

Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы қайғылы оқиға бойынша екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Тергеу оларды өндірістік апатқа жол беріп, қызметкерлердің өліміне себеп болуы мүмкін деп есептеп отыр.

Еске салсақ, 26 тамызда кәсіпорында автокөтергіш аударылып, екі қызметкер ауыр техника астында қалып мерт болған еді.

Оқиғадан кейін полиция “еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу” бабымен қылмыстық іс қозғаған.

Айта кетейік, Шымкент мұнай өңдеу зауыты- “ҚазМұнайГаздың” еншілес кәсіпорны.  

“Іс бойынша екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу шаралары аяқталған соң іс бойынша заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданатын болады”, - деді қалалық тергеу басқармасының бөлім бастығы Талғат Әбуов.

Оқи отырыңыз: Еңбек заңнамасын бұзу: 6,5 мыңнан астам факті тіркелді