Әкімдік қала тұрғындарын қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады
Шымкентте қалың қар басқан ағаш 10 жастағы баланың үстіне құлады. Өкінішке қарай, оқушы оқиға орнында тіл тартпай кеткен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Мектептен қайтқан 4-сынып оқушысы ойнап жүргенде, қалың қар жиналған ауыр бұтақ сынып түсіп, баланың басына тиген. Өкінішке қарай балақай сол жерде жан тапсырды. Белгілі болғандай, марқұм – отбасының жалғыз перзенті. Ал анасы – жалғызбасты келіншек.
«Аяқ-қолым дірілдеп тұр. Інімдей жақсы көретін едім. Мектептен апайлары звондап «өздеріңіз алып кетіңіздер» деп жатыр. Осы жағдайдан кейін, мектепке өзіміз апарып, әкетіп жатырмыз», – деді көршісі.
Қайғылы жағдайдан кейін арнайы комиссия құрылды. Қазір олар оқиғаның себеп-салдарын тексеріп жатыр. Әкімдік тарапынан отбасыға қажетті көмек берілетіні де айтылып отыр. Ал полицейлер бала «қар жиналған ағаш бұтақтарын өзіне қарай тартқан» деп отыр.
«Алдын ала мәліметке сәйкес, кәмелетке толмаған бала ойнап жүріп, қалың қар жиналған ағаш бұтақтарын өзіне қарай тартқан. Нәтижесінде ағаш құлаған. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деді Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кету керек, соңғы күндері қалада мұндай жағдай жиілеген. Толассыз қардан кейін бірнеше ағаш құлап, жол қозғалысына қауіп төндірген. Тіпті кейбірі көліктерді басып қалған. Осыған байланысты әкімдік қала тұрғындарын қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабекова, Шымкентте
Оқи отырыңыз: БҚО-да наркологиялық есепте тұрғандар саны 700-ден асты