Шымкентте алма бағы бағдарламасымен 750 млн теңгеден астам қаржы жымқырылған

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Қылмыстық іс сотқа жолданды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаржылық мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті интенсивті алма бақтарын құру және дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Интенсивті алма бақтарын дайын күйінде тапсыру» бағдарламасы шеңберінде жобаларды қаржыландыру «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жүзеге асырылған. Бағдарламаның негізгі мақсаты – дайын инфрақұрылымы бар ауыл шаруашылығы жерлерін кәсіпкерлерлік субъектілеріне лизингке беру болған.

"Тергеу амалдарына сай, Қордың бұрынғы басқарма төрағасы Ж.Д. Омаров байланысы бар тұлғалар мен бақылауындағы ұйымдарда, соның ішінде «Green Mart Kazakhstan» ЖШС-ін тарта отырып, мемлекеттік қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Тауарлар мен жұмыстарды сатып алу белгіленген рәсімдерді бұза отырып негізінен бір көзден алу тәсілімен, бәсекелестік орта қамтамасыз етпей жүргізілген. Жабдықтардың, материалдардың және құрылыс-монтаж жұмыстардың құны жасанды түрде өсірілген, ал көзделген жұмыстардың бір бөлігі іс жүзінде орындалмаған", - делінген ҚМА хабарламасында.

Соған қарамастан, жалған қабылдау-тапсыру актілері рәсімделіп, солардың негізінде бюджет қаражаты аударылған. Нәтижесінде мемлекетке 430 млн теңгеден астам сомаға залал келтірілген.

"Қосымша агроөнеркәсіпті мемлекеттік қолдау шеңберінде бөлінген инвестициялық субсидияларды заңсыз алу фактілері де анықталды. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, оларды арқылы бақтарды дамытуға және жұмсалған шығындарды өтеуге арналған субсидия алуға өтінімдер берілген", - делінген хабарламада.

Нәтижесінде олардың шоттарына жалпы сомасы 327 млн теңгеден астам бюджет қаражаты аударылған. Алайда нақтысында көрсетілген мақсаттарға қаражаттың тек шамамен 20%-ы ғана жұмсалып, қалған бөлігі 250 млн теңгеден астам қаржы сенімді адамдар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, мақсатсыз пайдаланылған.

Сот санкциясымен жалпы ауданы 108 гектар болатын құны 1 млрд теңгеден асатын жер участкелеріне тыйым салынды.

Күдікті Ж.Д. Омаров қамауға алынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Еске салсақ, аталған факт бойынша Қордың бұрынғы басқарушы директоры М.К. Искаков мен «Green Mart Kazakhstan» ЖШС-нің басшысы Р.Б. Сазынбек 4 автокөлік тәркілеумен бірге 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Оқи отырыңыз: Павлодарда әскери қызметші өзіне оқ атып, қаза тапты

Новости партнеров