Шымкентте аптап ыстыққа байланысты ескерту жарияланды

Мамандар аптап ыстық кезінде денсаулыққа мұқият болуға шақырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкенттіктерді бұрын-соңды болмаған аптап ыстық әбігерге салды. Көшедегі электронды термометрлер 65 градусты көрсетіп, жұрттың жағасын ұстатты. Ал синоптиктер мұндай ауа райының апта соңына дейін жалғасатынын айтып, ескерту жасап жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

65 градусты көрсеткен термометрлер жұртты дүрліктірді. Бірақ синоптиктер мұндай көрсеткішке сенуге болмайтынын, оның нақты ауа температурасы емес екенін түсіндіреді. Әйтсе де бұл алаңдауға негіз жоқ деген сөз емес. Себебі алдағы үш тәулікте аптап 49 градусқа дейін күшеймек. Мамандар бұл өңір үшін өте жоғары көрсеткіш дейді.

«Шымкентте ауа температурасы 46 градусқа дейін жетті. Ал 100 жылдық бақылау тарихында 48 градус мүлде болмаған. Бұл оңтүстік-батыстан, Иран аймағынан келетін ауа массаларының әсерінен болып жатыр», – деді Метеоболжау бөлімінің бастығы Жанат Жәрменова.

Күннің күрт ысуы халықты әбігерге салды. Дәрігерлер қан қысымы көтеріліп, өзін жайсыз сезінгендердің саны соңғы күндері біршама артқанын жеткізді.

«Қазіргі таңда тәулігіне бізге 2300-2400-ге дейін шақырту түсіп отыр. Ауа райына байланысты қан қысымы көтерілген, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын науқастарға шақыртулар жиілеп кетті. Науқастар саны біршама өсті деуге болады», – деді Медициналық жедел жәрдем көрсету станциясының бекет меңгерушісі Гүлбану Жапбар.

Аптап ыстыққа байланысты өңірде ескерту жарияланып, тұрғындарға хабарлама жіберіліп жатыр. Мамандар мұндай күндері балаларға, қарттарға және қан қысымы жоғары жандарға ерекше сақтық танытуды ескертеді. Айта кетейік, мұндай ыстық еліміздің көптеген өңірінде байқалып отыр.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, "Алматы" Телеарнасы, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Алматыда БҰҰ-ның цифрлық шешімдер орталығы ашылмақ