Қала тұрғындары күннің ыстығынан қорғанудың түрлі жолын тапқан
Шымкентте ми қайнатар ыстық басталды. Оңтүстік өңірде ауа температурасы 40 градустан асып, тұрғындарға далаға шықпауға кеңес берілді. Халық көлеңке мен өзен жағасына ағылса, қала қызметтері күннің аптабын аз да болса басу үшін көшелерге су сеуіп әлек, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Шілденің шіліңгір ыстығы ойын алаңындағы сырғанақ пен әткеншекті де қыздырып жіберген. Балалардың күйіп қалмауы үшін құтқарушылар аулаларға су сеуіп жатыр. Дегенмен мамандар сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін үйден шықпауға кеңес береді.
«Соңғы күндері әлемнің көптеген елдерінде аномалды ыстық байқалуда. Осындай аптап ыстық Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде, оның ішінде Шымкентте де сақталуда. «Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, қалада ауа температурасы 40 градустан асты. Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері де қатты ыстық сақталады», – деді Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Асқар Шәріп.
Шымкенттіктер күннің ыстығынан қорғанудың түрлі жолын тапқан. Көпшілік Қошқар ата өзенінің жағасын паналауға тырысып жатыр. Әсіресе, түскі уақытта мұнда ине шаншар жер болмайды. Себебі қысы-жазы 11 градусты сақтайтын мұздай су тұрғындардың сергіп алуына мүмкіндік береді.
«Ішіне түскен кезде жаурайсың, одан кейін жылынып кетесің. Қасиеті бар су, шипалы, емдік су. Суын іше бересің. Кәдімгі суды көп іше алмайсың, ал мына суды іше бересің», – деді қала тұрғыны.
«Қызылордадан келіп тұрмын. Емдік суға жылда келемін. Балаларымды, немерелерімді алып келдім. Төрт немеремді ертіп келдім. Мына судан да алып кетейін деп жатырмын. Қазір пойызға шығамын», – деді тағы бір тұрғын.
Жұрт аптаптан қорғанудың түрлі амалын жасап жатса да, дәрігерлер босаңсуға болмайтынын ескертеді. Әсіресе, балалар, қарттар және созылмалы дертпен есепте тұрған азаматтар күннің ыстығынан аса сақ болуы қажет.
«Балалардағы терморегуляцияның толық қалыптаспауына байланысты, кішкентай балалар дене қызуының көтерілгенін немесе күннің ыстығы өзіне әсер етіп жатқанын әрдайым сезіне бермейді. Сондықтан ата-аналарға кішкентай балаларды күннің ыстығына шығармауға, көбірек су беруге және күн сәулесінен аулақ ұстауға кеңес береміз», – деді жалпы тәжірибелі дәрігер Жұлдыз Амангелдиева.
Осылайша, Шымкенттің аптабы әзірге бет қаратпай тұр. Сырттағы ауа температурасы 40 градусты көрсетсе, күн астында тұрған көліктің іші 45 градустан асып жатыр. Ал синоптиктер апта соңында бұдан да ыстық болатынын ескертіп отыр.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, "Алматы" Телеарнасы, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Президент Қазақстан Халық Кеңесінің мемлекеттік органдармен ықпалдастығын күшейтуді тапсырды