Шымкентте ашық аспан астындағы мұз айдындары еріп кетті

Жауаптылардың айтуынша, жағдайға техниканың істен шығуы себеп болған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте ашық аспан астындағы мұз айдындары еріп жатыр. Жақында ғана пайдалануға берілген нысандар қазір суға толып, көлшікке айналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бір апта бұрын ғана ашылған Арбаттағы мұз айдыны жарамсыз күйге түскен. 1800 шаршы метрлік алаңдағы мұз еріп, техникалық жабдықтар ашық қалған. Бұған дейін күніне мың жарым адамды қабылдаған демалыс орны қазір келушілер үшін жабық тұр.

«Сырғанауға алыстан келдік. Мұздың барлығы еріп кетіпті. Кеше ғана ашылған еді», – деді қала тұрғыны Талант Жұматай.

Қаладағы тағы бір алаңда да мұз ери бастаған. 650 шаршы метрлік мұз айдынында жібіген тұстар тіпті ойылып қалған. Қазір жауаптылар бұл аумақты қайта қатырып әлек.

«Еріп кеткен тұсы кедергі болып жатыр. Күн ысып кетті. Соны жөндеп берсеңіздер деп айтамын», – деді қала тұрғыны Алихан Жақсылық.

Жауаптылар «жағдайға техниканың істен шығуы себеп болды» дейді. Сөздерінше мұздату құрылғысы бұзылып қалған. Алайда ақаудың нақты себебі әлі анықталмапты.

 «Қазіргі таңда мұздатқыш бұзылып қалды. Оны ауыстырып, қалпына келтіріп жатырмыз. Жоспар бойынша, мұз айдыны таңертең дайын болады», – деді  «Спорт сарайы» ЖШС директоры Ержан Мұхиддин.

Айта кетсек, биыл Шымкентте ашық аспан астындағы төрт мұз айдыны пайдалануға берілген. Жоспар бойынша олар наурыз айына дейін жұмыс істеуі керек. Алайда қыс ортасында-ақ тұрғындар бұл демалыс орындарының игілігін көре алмай отыр.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы: жолаушыларды тасымалдау үшін 13 қосымша пойыз іске қосылды

Новости партнеров