Шымкентте әкімдік берген пәтерлерге жылу мен газ қосылмаған
Шымкентте әкімдік тарапынан баспана алған тұрғындар күздің қара суығында жылусыз отыр. Жылыту маусымы басталғанына бір айдан асса да, 140-қа жуық пәтерге жылу әлі берілмеген. Оның үстіне, тұрғындар жаңа үйлердің сапасына да көңілі толмайтынын айтады. Қоныс тойын тойлаудың орнына, құрылыс кезіндегі кемшіліктермен әуре болған жұрттың жанайқайын тілші тыңдап қайтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сапаркүл Мүсірәлиева бұл пәтерді сегіз жыл бойы күткен. Ақыры арманы орындалып, баспаналы болғанына қуанған әйелдің қуанышы көпке созылмады. Алғашқы жаңбырдың өзінде терезеден су сорғалап, қабырғалар бүлінген. Оның үстіне, жылуы жоқ пәтерде қабат-қабат киініп, электр пешімен күнелтуге мәжбүр.
«Инстаграмнан, Фейсбуктен әкімді көрген кезде керемет үй аламын екен деп ойлап қалдым. Бірақ қабырғалары шұрық-тесік, керме төбенің бәрі шаң-тозаң. Оның барлығын жинап, реттеп бермеген. Енді осының бәріне несие төлейміз бе, жөндеуін жасаймыз ба? Қайда барарымызды білмей отырмыз, айналайын халқым!» – деді қала тұрғыны Сапаркүл Мүсірәлиева.
Жылдар бойы баспана кезегін күткен Гүлзамира Амалова да жаңа пәтердің сапасына көңілі толмайтынын айтады. Көпбалалы ана газ болмағандықтан, тамақты электр плитасында әзірлеп отыр. Ал суды құбырдан ағызудың орнына, сырттан тасып ішуге мәжбүр.
«Үйде жылу жоқ. Суының да дәмі дұрыс емес, іше алмайсың. Судың 50 пайызы хлор сияқты. Электр пешімен отырмыз, тамақты тоққа пісіреміз. Электр желісі көтермейді. Тамақ істей алмай, балалар аш қалып жатыр. Кішкентай, 10 айлық бөпем тоққа түсіп кете жаздады», – деді қала тұрғыны Гүлзамира Амалова.
Бозарық шағынауданындағы бұл үйлер баспанаға мұқтаж азаматтарға берілген. Олардың басым бөлігі – мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы отбасылар. Тұрғындардың айтуынша, суық пәтерде балалар жиі ауырып, ересектердің де денсаулығы сыр беріп жатыр.
«Бұл жерде қазір әр екінші адамның баласы мүгедек. Мысалы, менің өз анам – бірінші топтағы мүгедек. Көшіп келгеніме екі апта болды. Оның өзінде бүгін-ертең газ беріледі деген соң ғана қоныстандым. Мүгедек анама екі рет жедел жәрдем шақырдым. Тырысуы ұстап, бір төсектен тұра алмай, қалтырап жатырмыз», – деді қала тұрғыны Жансая Маратқызы.
Ал әкімдік өкілдері газдың қосылмауына тұрғындардың өздері себеп болып отырғанын айтады. Олардың сөзінше, баспаналарға көгілдір отын тарту үшін тұрғындар бірқатар талапты орындауы керек. Барлық талап сақталған жағдайда, газ келесі аптада беріледі деп уәде етті.
«Тұрғындар газ плиталарын лоджияға шығарып тастаған. Бұл – жобаға өзгеріс енгізу деген сөз. Сол себепті жеті тұрғын үйде газ қосу жұмыстары аяқталмай тұр. Осы аптаның соңына, келесі аптаның ортасына дейін барлығына газ қосамыз. Мердігер мекеме мен әкімдіктің бес жылдық кепілдік мерзімі бар. Оның аясында терезелерді реттеу, шатырдан су өтуі, қасбеттің түсіп қалуы сияқты мәселелер шешіледі. Бұл жұмыстар тұрақты бақылауда», – деді Құрылыс басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Дәулет Бекмұрат.
Алайда құрғақ уәдеден көңілі қалған тұрғындар жауаптылардың сөзіне сенбейді. Олар пәтер кілтін өз қолымен табыстаған қала басшысы жағдайды жеке бақылауына алып, мәселені толық шешіп беруді талап етіп отыр.
Лаура Бабас. «Алматы» телеарнасы. Шымкенттен.