Шымкентте көпқабатты үйлерде тексеріс басталды

23.10.2026 15:10

Шымкентте газдан улану қаупі жоғары бірнеше аумақ анықталған

Шымкентте газдан уланған балалардың қазасынан кейін көпқабатты тұрғын үйлердегі бақылау күшейді. Қазір мамандар пәтерлерді аралап, газ қондырғыларын жаппай тексеріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шымкентте газдан улану қаупі жоғары бірнеше аумақ анықталған. Тізімде дәл осы «Спорт» шағынауданы көш басында тұр. Бұдан бөлек, Күншығыс, Самал-3 және 8- шағынауданы да қауіпті аймақ қатарына еніпті. Қазір инспекторлар мұндағы тұрғын үйлерді жіті бақылауға алған. Тексеріс кезінде су жылытқыш құрылғыларын орнату талаптарының бұзылуы жиі кездеседі. Тұрғындар елеусіз көрген бұл қателік адам өміріне үлкен қауіп төндіреді.¤

 «Су қыздырғыштың түтін мұржасын  талапқа сай орнатпау немесе тұрғындардың газ жабдықтарын, газ колонкасын, жылыту қазандығын өз еркімен, арнайы мамандардың немесе «ҚазақГазАймақ» мекемесінің рұқсатынсыз орналастырып алған жағдайда қауіп көп», – деді қалалық газ-техникалық қызметі басшысының орынбасары ¤Жандос Ордабаев.

Газ инспекторлары бірқатар кемшілік анықтады. Мәселен бұл пәтерде газ жылыту қондырғысы дұрыс орнатылмаған. Мамандар үй иесіне ескерту жасап, қателікті тез арада жөндеу керек екенін айтты.

«Ескертті. Барлығын тез жөндеп қоямыз. Қазақстан бойынша улану жағдайы көбейіп жатыр. Сондықтан, тексеріп, ескерткені үшін рақмет, сіздерге», – деді қала тұрғыны Әбдухамит Хайтметов.

Шымкентте орталық газ жүйесіне қосылмаған 15 жатақхана бар. Тұрғындары баллондағы көгілдір отынды пайдаланып отыр. Ал мамандар «оларға ескерту жасағаннан басқа шара жоқ» дейді. Бұдан бөлек, қатты отынмен жылынатын үйлер де жіті назарда. Былтырғы жылыту маусымында осындай 70 баспана отқа оранған.

«Жылыту маусымы кезінде пештің, мұржаның және желдеткіш жүйелерін күйеден үнемі тазартып, жұмысқа қабілеттілігін тексеріп отыру маңызды. Пешті пайдалану кезінде жандырғыш сұйықтықтарды пайдалануға және жанында жануға қаупі бар заттарды сақтауға қатаң тыйым салынады. Улы газдан улану фактілерін алдын алу мақсатында арнайы газ дабыл қаққыш жүйесін орнату маңызды», – деді Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Асқар Шәріп

Еске салсақ, наурызда Спорт шағынауданындағы көпқабатты үйден газ шығып, 4 адам қаза тапқан. Ал бірнеше күн бұрын Күншығыс шағынауданында тағы 5 адам газға уланып, 2 бала көз жұмды. Ал 27 жастағы келіншек пен оның үш жастағы баласы ауруханада жатыр.

Лаура Бабас, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Жеңілдетілген ипотека алып беремін деп алдағандардың ісі сотқа жетті

 

 

Толық көрсету