Шымкентте орталық алаңда мұз айдыны ашылды

24.12.2025 15:54

Қала көшелеріне 81 шырша отырғызылған

Әдетте қысы қарсыз, күн райы айтарлықтай жылы өтетін Шымкент шаһары биыл мерекелік атмосфераны өзгеше сезінбек. Алғаш рет ашық аспан астындағы мұз айдыны ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл Шымкенттегі жаңа жылдық көрініс ерекше. Қала көшелеріне 81 шырша отырғызылған. Тіпті орталық алаңдағы мерекелік ағаш та табиғи. Мамандардың сөзінше, бұл шыршалар арнайы топырағымен бірге әкелінген.

«Көктемгі ағаш егу жұмыстары кезінде қала аумағында отырғызылған шыршаларды топырағымен алдырттық. Бюджеттен қаржы қаралған жоқ. Демеушілердің есебінен қаламызға сыйға беріді», – деді Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев.

Сонымен қатар қалада төрт бірдей ашық аспан астындағы мұз айдыны ашылды. Сырғанау алаңдары сапалы мұз жабынымен қапталған. Арнайы технологияның арқасында мұз жамылғысы күн жылынса да ерімей, наурызға дейін сақталады.

«Бұл – қала тұрғындары мен қонақтарына жаңа жылдық көңіл күй сыйлау мақсатында жасалған дүние. Бір шыршаның аумағы 1700 шаршы метрді қамтиды», – деді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Жарылқасын Машбек.

Әкімдік көшелерді сәндеп жатқанда, тұрғындар үйін безендіріп әлек. Шымқала жұрты баспанасына көбіне жасанды шыршаларды сатып алады.

«Жасанды шырша алдық, бағасы да арзан», – деді қала тұрғыны Меруерт Әшірбаева

Айта кетейік, Шымкенттегі бас шыршаның биіктігі 18 метр. Оны безендіру үшін ұзындығы 4 шақырымға жететін жарықшам ілінген. Жалпы биыл мегаполисті безендіруге қазынадан 100 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Ертегі әлеміне енгендейміз: Алматы 74 шырша безендірілді