Жаңа жыл жақындаған сайын Алматы мерекелік кейіпке ене бастады. Биыл шаһарды көріктендіру үшін 74 шырша орнатылып, 2000-ға жуық жарық шам мен 460 түрлі сәндік инсталляция пайдаланылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа жыл қарсаңында қала ажары бұрынғыдан да айшықтала түсті. Себебі шаһарда мерекелік 13 жаңа аумақ көркемдік безендірілді. Сайран көлінің жағасынан бастап, мегополистің Жасқанат пен Құлагер сынды шеткері шағынаудандарына дейінгі аймақтары көз тартады. Ал мегаполистің 12 негізгі даңғылы мен алаңдарына 2000-нан астам жарық кронштейн ілініп, түнгі көрініске ерекше шырай қосты.
«Қаскелеңнен арнайы балаларымды алып келдім. Бізге ұнады. Керемет. Ертегі әлеміне енгендейміз, әдемі», – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Сымбат Аманқұлова.
«Университетке күнде келемін. Қазір емтихандар тапсырып жатырмыз. Шыққан сайын көңіл күйіміз көтеріліп, суретке түсеміз. Ата-аналарымызға жібереміз», – деді қала тұрғыны Аружан Кәкімжан.
«2025 жыл еліміз әлемдік ареналарда танылуымен есте қалды деп ойлаймын. Өйткені Дженнифер Лопес келді. Одан кейін «Қайрат» әлемдік лигада ойнады. 2026 жылы трендке айналған сөз – «прайм эра». Әр адамға 2026 – жемісті жыл болсын!», – деді Қала Тұрғыны Мөлдір Байбөрінова.
Қала келбеті мерекелік нақышқа еніп, шаһар аумағында 21 мұз айдыны сәнделді. Оған қоса, 47 көпір мен жерүсті жүргіншілер өткелі жарықпен әрленіп, шамамен 2200 ағаш мерекелік шамдармен көмкерілді. Сондай-ақ қыс қызығын арттыратын 74 жаңажылдық шырша орнатылды. Оның 30-ы мемлекеттік, ал 44-і жекеменшік нысандарға тиесілі.
«Биыл қаланың безендірілуі барлық бағыты бойынша едәуір артып отыр. Алматы халықаралық әуежайынан бастап, қаланың орталық көшелеріне дейін безендірілді. Оның ішінде 13 жаңа локация пайда болды. Бұл Түрксіб ауданындағы Сауранбаев көшесі, Жетісу ауданындағы Гүлдер саябағы, Сайран көлі және басқа орындар безендірілді. Тұрғындар ризашылығын білдіріп жатыр», – деді Мәдениет басқармасы мәдени-көпшілік іс-шаралар бөлімінің басшысы Абай Оспанов.
Айта кетейік, Алматының барлық ауданында ертегі кейіпкерлерінің мүсіндері, 2026 жылдың символикасымен әрленген арт-нысандар, сыйлық пен жаңажылдық шарлар бейнесіндегі сәндік композициялар орнатылды. Сондай-ақ 31 желтоқсанға дейін 110 мерекелік іс шара өткізу жоспарланған.
Мәди Мәлік. Хангелді Ахметханов. Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Алматыда қаланың Бас жоспарын түзету жобасы бойынша қоғамдық талқылаулар басталды