Шымкентте рекорд: жыл соңына дейін 7 мыңнан астам отбасы баспаналы болады

21.08.2026 19:57

Мемлекет үйлі болуды көздеген азаматтарға алғашқы жарнаны төлеуге де қолдау көрсетіп келеді

Биыл Шымкентте баспаналы болған тұрғындардың саны рекордтық көрсеткішке жетпек. Шаһарда жыл соңына дейін 7 мың 300-ден астам отбасы қоныс тойын тойлайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Адинахан Нарова бұл күнді тура 9 жыл күткен. Көпбалалы анаға үш бөлмелі пәтер жалдамалы негізде беріліпті. Алдағы уақытта барлық талапты орындаса, баспананы өз атына рәсімдей алады. Жылдар бойы өз шаңырағын аңсаған келіншек қуанышын жасыра алмады.

«Тоғыз жыл пәтер жалдап тұрдық, бес балам бар. Біреудің үйінде өзің қалағандай өмір сүре алмайсың. Бұл – жалдамалы негізде берілген үй. Ай сайын 23 мың теңге төлейміз», – деді қала тұрғыны Адинахан Нарова.

 Биыл Шымкентте 3 мың 400-ге жуық отбасы баспаналы болды. Оның 2 мыңнан астамы жеңілдетілген несиелік бағдарламамен және қалғаны жалдамалы негізде берілген. Ең бастысы пәтерлер халыққа барынша қолжетімді шарттармен ұсынылып отыр. Тіпті мемлекет үйлі болуды көздеген азаматтарға алғашқы жарнаны төлеуге де қолдау көрсетеді. Яғни тұрғындарға 1 миллион теңгеге дейін көмек беріліп жатыр.

«Жалдамалы пәтер кезек ретімен берілуде. Одан кейін, несиелік бағытта. Конкурсқа қатысу арқылы 2-10-20, 5-10-20 бағыттары бойынша беріліп жатыр. Айта кетейік,  несиелік бағытқа бастапқы жарнасына мемлекет тарапынан қайтарымсыз тұрғын үй сертификаты беріліп жатыр», – деді Тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы Саят Исабеков

Жыл соңына дейін тағы 4000-нан астам отбасы үйлі болады. Айта кетерлігі, тұрғындарға пәтер кілті апта сайын табысталып жатыр. Осылайша баспанаға мұқтаж тұрғындар мемлекет ұсынған тиімді бағдарламалардың игілігін көріп, көптен күткен шаңырағына қол жеткізіп келеді.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Игі бастама: Ақтөбеде кәсіпкердің демеушілігімен жаңа спорт кешені бой көтерді

Толық көрсету