Ұлттық құндылық ұлықталған мереке: Жамбыл облысында этноауыл құрылды

25.10.2026 21:00

Осыған орай ауылдың 50 әжесі бір мезетте бесік тербетті

Жамбыл облысының тұрғындары Республика күнін ұлттық нақышта атап өтті. 100 оқушы бір мезетте күй тартса, 50 әже бесік тербетіп, ұлттық құндылықты ұлықтады. Мереке күнін этноауыл құрып тойлаған елді мекен де бар. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Қолына қасиетті қара домбыраны алған 100 оқушы – Республика күнінде осылай жұртты мерекемен құттықтады. Көпшіліктің құлақ құрышын қандырған күйлерді небәрі он үш, он төрт жасар сынып оқушылары орындады. Игі шара Тараздағы ойын сауық орталықтарының бірінде өтті. Мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қара домбыраның киелі үнін жас ұрпақ санасына сіңіру.

Ал Жамбыл ауданындағы Шәкен Ниязбеков ауылының тұрғындары Республика күнін думанды мерекеге айналдырды. Мерекеге орай ауыл орталығына киіз үйлер тігілді. Көрме жасалып, оған төрт түлік қойылды. Ал ауыл балалары арқан тартып, асық атып, күрестен бақ сынады. Келіндер болса ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарды әзірледі.

"Осы торкөз өрімді қайта жаңғырту мақсатында өріп, кішкентай ұрпақтарымызға көрсетіп жатырмын. Қазы жарылмау мақсатында және де дастарханда әдемі көріну үшін қонақтарға ас бергенде әдемі көріну үшін өріледі", - деп түсіндірді ауыл тұрғыны Динара Бүркітбаева. 

Шараның мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұлықтау. Осыған орай ауылдың 50 әжесі бір мезетте бесік тербетті. Олардың қатарында Дина Мұқаева да бар. Ақ жаулықты ана немересінің барлығын бесікке бөлеп өсірген. Айтуынша, бесіктің бала тәрбиесі мен денсаулығы үшін орны ерекше.

"Біз ауылдан шыққаннан кейін бесікте тербетіліп бесікте өскен адамбыз. Бұл ата-бабамыздан келе жатқан нәрсе. Жастарға айтқым келеді. Жас келіндерге қыздарға бәрінің құлағына алтын сырға. Бесік деген өте тамаша. Қазіргі заманда дисплазия деген болып жатыр. Ол баяғыда неге болмаған. Себебі бесікте жатқан баланың ешқашан дисплазия болмаған. Аяғы түзу байланған", - деп айта кетті ауыл тұрғыны Дина Мұқаева.

Мерекеде күні әзірленген ұлттық тағамдар көпшілікке ұсынылды. Шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Осылайша, Шәкен Ниязбеков ауылының тұрғындары бірлігін көрсетті. 

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай - Almaty TV телеарнасы - Жамбыл облысы. 

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Толық көрсету