Шымкентте үй жинауға барған әйелді өлтіріп, мәйітін қоқысқа тастаған оқушының жаза мерзімі ұзарды

13.02.2026 18:59

Қара жамылған отбасы бұл үкіммен де келіспейді

Шымкентте үй жинауға барған әйелді өлтіріп, кейіннен мәйітін қоқысқа тастаған мектеп оқушысының жаза мерзімі ұзарды. Алғашқы сот үкімімен 17 жастағы сотталушы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған еді. Алайда апелляциялық алқа жазаны қайта қарап, мерзімді тағы бір жылға созды, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Сондай-ақ жәбірленуші тарапқа төленетін моральдық және материалдық шығынның мөлшерін шамамен екі есеге ұлғайтты.

Еске салсақ, жаға ұстатарлық жайт былтыр шілде айында болған. 26 жастағы келіншек күнкөріс қамымен өзгенің үйін тазалауға барады. Әйел ақысын сұраған сәтте 11 сынып оқушысы оны бірнеше мәрте пышақтаған. Ал мәйіт арада 10 күн өткенде ғана қаладағы қоқыс жәшіктерінің маңынан табылған.

«ҚК 99-бабы, 1-бөлігімен және 188-баптың 1-бөлігімен тағайындалған жазаларды толық қосу арқылы түпкілікті 8 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жәбірленушілер Қарлығаш Оңғарбаева пайдасына моральдық зиян өтемақысы ретінде өндірілген 2 миллион теңге 5 миллион теңгеге дейін, Айдана Оңғарбаеваға өндірілген 2 миллион теңге 5 миллион теңгеге дейін, Жаппаровтың пайдасына берілетін 6 миллион теңге 10 миллион теңгеге дейін ұлғайтылсын», – деді Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бәйдібек Дүйсебек.

Қара жамылған отбасы бұл үкіммен де келіспейді. Диана Оңғарбайдың анасы 8 жылды қызының қиылған ғұмырымен салыстыруға келмейтінін жеткізді. Ол тергеудің әділ өтпегенін, ал сотта кейбір ауыр айыптар ескерусіз қалғанын айтып отыр. Енді олар жоғары сотқа шағымданбақ.

«Бала зорлаған оны. Мәйітті қорлап, зорлаған. Жыныстық қатынасқа түскен. бәрін мойындаған бала. Ал сотқа келгенде бәрін жоққа шығарып отыр. Кәмелетке толмаған деп жеңілдік бере бере ма? Мен келіспеймін», – деді марқұмның анасы Қарлығаш Оңғарбаева.

Оқи отырыңыз: Қызылордада қызын аңдыған өгей әке ұсталды