Шымкентте жол құрылысы салдарынан бірнеше үй топырақ құрсауында қалды

06.11.2026 19:57

Мердігер компания өкілі тұрғындардың уәжімен келіспейді

Шымкенттегі Қазығұрт шағынауданында жол салуға кіріскен мердігер қазылған топырақты сыртқа шығарудың орнына, тұрғын үйлердің іргесіне төгіп тастаған, деп хабарлайды Almaty.tv 

А-2 айналма жолының құрылысы басталғалы бері жергілікті тұрғындар әбігерге түскен. Үлкен жолды салу кезінде қазылған топырақ үш бірдей баспананың іргесіне үйілген. 1,5 метрлік үйіндіні тұрғындар өздері тазалап шығуға мәжбүр болған.

«Әлі құрғақ уәдемен келе жатыр. Алдымызда қыс, жаңбыр, қар жауып кетсе, есігімнің алды батпаққа айналады. Одан бөлек, мына биік топырақтың жаңбырда сырғитыны бар. Сол мәселені ертерек шешіп берсе екен», – деді Қазығұрт шағынауданының тұрғыны Әбдірахман Жорабеков.

Тамыз айынан бері аумақта құрылыс жұмыстары тоқтамаған. Салдарынан маңайдағы баспаналардың қабырғалары жарылып кетіпті. Енді жаңбыр суы баспанаға қарай ағып, жағдайды одан сайын ушықтырып отыр.

«Жаңбыр жауа берсе, мына дуалдар құлайды. Оны кішігірім ғана қабырға ұстап тұр.  Ас бөлме лайға толып жатыр», – деді Қазығұрт шағынауданының тұрғыны Дана Андасова.

Бұрынғы жол үйлерден 20 метр қашықта орналасқан. Соның өзінде талай көлік сайға құлаған көрінеді. Ал енді жол баспанаға тікелей жақындаған соң, тұрғындардың үрейі тіпті күшейе түскен.

«Міне, салынып жатқан жаңа жолда апат болуы мүмкін, бұл үйімізге қауіп төндіреді. Аман-есен кезімізде бізді бұл жерден көшірсе екен,  үйлер сүрілетінін айтқан», – деді Қазығұрт шағынауданының тұрғыны Бақыт Әбілдаев.

Алайда мердігер компания өкілі тұрғындардың уәжімен келіспейді. Ол барлық жұмыс құрылыс талаптарына сәйкес жүргізіліп жатқанын алға тартты. Тіпті топырақты үйге қарай үйіп тастау да жобада қарастырылған көрінеді.

«Бірінші топырақты көтеріп алмай, тіреуіш қабырғаны құя алмаймыз.  Тұрғындарға  «топырақ түсіп жатыр, қақпаны құйып береміз, жұмысты бітіріп алғаннан кейін тазалап беріп кетеміз» деп айтқанбыз. Көлік басқармасына ұсыныс беріп едік, қолдады», – деді мердігер мекеме өкілі Мақсат Маратбайұлы.

Биіктігі 6 метр болатын бетон тіреуіш салынбақ. Жауаптылар жұмысты бірнеше күнде бастауға ниетті. Алайда құрылыс салдарынан жарылған қабырғаларға қатысты нақты жауап берілмеді. Керісінше, бұл мәселені сараптама арқылы дәлелдеу қажет екені айтылды.

Лаура Бабас, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Алматыда «Жасыл ел – 2026» маусымы қорытындыланды

Толық көрсету