Шымкентте жолда болған қанды төбелес: төрт күдікті қолға түсті

21.01.2026 19:27

Қақтығыс барысында бірнеше адам пышақ жарақатын алып, бір адам қаза тапты

Шымкентте қаланың қақ ортасында жанжал шығарып, 40 жастағы ер адамды өлтірді деген күдіктілер ұсталды. Қазір төрт адам қамауға алынған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оқиға Рысқұлов пен Ерімбетов көшелерінің қиылысында болған. Алдын ала мәліметке сүйенсек, Тойота мен Хюндай көліктері жолда соғысып қалып, жүргізушілері арасында келіспеушілік туындаған. Ерегестің соңы жаппай төбелеске ұласып, артынша көмекке өзге адамдар да шақырылыпты. Кейіннен бір топ ер адам 1986 жылғы азаматты пышақтап, оны күшпен көлікке салып, алып кеткен. Бейнебақылау камераларында есігі ашық-шашық күйде жүйткіп бара жатқан автокөлік байқалады. Сондай-ақ камераға бәзбіреулердің ер адамды Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы аурухананың автотұрағына апарып тастаған сәті түсіп қалған. Әлеуметтік желілерде марқұм болған ер адам күрес жаттықтырушысының ұлы екені айтылуда.

«Аталған жайт бойынша «адам өлтіру», «бұзақылық» және «адамды ұрлау» баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерді анықтап, ұстау мақсатында Полиция департаментінің барлық күштері мен құралдары жұмылдырылды. Қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде», – деді ПД бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаев.

Айта кету керек, бұл қанды оқиғаға қатысы бар күдіктінің барлығы әлі қолға түскен жоқ. Бейресми мәліметтерге сәйкес, тағы 12 адамға іздеу жарияланған. Сонымен қатар осы жағдайдан соң тағы бір азамат түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізіліп, қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалауда.

 «1990 жылы туған науқас ауыр жағдайда №1 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Науқаста сол жақ кеуде қуысының енетін пышақ-кесілген жарақаты анықталып, шұғыл түрде операциялық ем жүргізілді. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы ауыр, реанимация бөлімінде қарқынды ем қабылдап жатыр», – деді №1 қалалық клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Талғат Шауенов.

Оқи отырыңыз: Кінәлі адамдар жауапқа тартылады: Үкімет МӘМС-ке қатысы тексеруді бастады