Қазір жүргізушінің туыстары дүкен шығынын өтеп, қираған қабырғасын жөндеуге кіріскен
Шымкентте 21 жастағы жігіт көлігін басқара алмай, дүкен ғимаратына соғылды. Соққының жойқын болғаны сонша, нысанның қабырғасы қирап қалған. Салдарынан 2 адам ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне жатқызылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Сағат 02:00 шамасында болған жол көлік оқиғасының салдары ауыр. Жеңіл көлікті тізгіндеген жас жігіт рөлге ие бола алмай, дүкенге барып соғылған. Артынша автокөлік отқа оранып, санаулы минутта толық жанып кетіпті. Абырой болғанда апаттан опат болғандар жоқ. Десе де, рөлдегі жігіт пен оның жанында отырған әйелі ауыр хәлде жансақтау бөліміне түскен. Сорақысы да сол, жас келіншектің құрсағында үш айлық сәби бар.
«Мерседес көлігі соғылды. Қасында екіқабат келіншек болды», – деді қала тұрғыны Асхат Әбдіразақов.
Қазір жүргізушінің туыстары дүкен шығынын өтеп, қираған қабырғасын жөндеуге кіріскен. Ал полиция қылмыстық іс қозғап, тергеп-тексеруді бастады. Төтенше жағдайлар қызметі «жанғыш материалдардың көптігі көліктің өртенуіне себеп болуы мүмкін» дейді.
«Айта кету керек, автокөліктердегі жанар-жағармай материалдары, пластик және басқа да синтетикалық бөлшектердің көп болуы өрттің қарқынды дамуына әсер етіп, көліктің санаулы минуттар ішінде толықтай жалын құшағына орануына себеп болуы мүмкін», – деді ТЖД Жоспарлау және жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Нұрдәулет Ерғали.
Еске салсақ, бірнеше күн бұрын Түркістан облысында жол апаты болған. Арыс қаласында ішімдікке тойып алған жүргізуші жер үйдің қоршауын бұзып кіріп, аулада отырған адамдарды қағып өткен. Салдарынан үш адам мерт болды.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Қарағандыда полицейлер бірден екі қылмыстың бетін ашты