Сыр диқандары тамшылатып суаруға көшіп жатыр

Былтыр аймақта 8 мың гектарға су үнемдеу технологиясы қолданылса, биылғы меже – 20 мың гектарға ұлғайту

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Аз сумен мол өнім алу – бұл күннің басты талабы. Сыр диқандары осы талапқа даланы да бейімдей бастаған. Шаруалар шашау шығармай, ысырапсыз ырысын қамдау үшін су үнемдеу технологияларын тереңінен меңгеруге күш салып келеді. Дәлірек айтсақ, диқандар тіршілік нәрін тиімді пайдалану үшін тамшылатып суаруға көшіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сырдарияда су аз болса да, диқандардың үміті мол. Егінші қауым үшін әр тамшы судың есебі бар. Биыл егін маусымында Қызылорда облысына Сырдариядан 3,2 миллиард текше метр су лимиті бөлінген. Бұл былтырмен  салыстырғанда 700 миллион текше метрге аз. Тіршілік нәрін тиімді пайдалану үшін шаруалар тамшылатып, жаңбырлатып суаруға көшпек. ¤

«Жаңбырлатып суару да, тамшылатып суару да, суды үнемдеуге үлкен септігін тигізеді. Себебі суды тасымалдау барысында булану, тағы да басқа қасиетін жоғалтпай, тікелей өсімдіктің тамырына беріледі, топыраққа сіңеді. Сондықтан бұл жалпы 20-25 пайыз суды үнемдеуге мүмкіндік береді», – деді Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ бас ғылыми қызметкері Серікбай Өмірзақов.

Былтыр аймақта 8 мың гектарға су үнемдеу технологиясы қолданылса, биылғы меже – 20 мың гектарға ұлғайту. Ал жаңа технологияға жұмсалған шығынның 80 пайызы субсидияланады. Бұл диқанға демеу болмақ.

«Су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу бағытында мемлекеттік қолдау шараларының шеңберінде облысқа алдағы үш жылға 34 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл бұрын-соңды мұндай қаржы бөлінбеген, оның ішінде биыл жаңағы су үнемдеу технологияларын енгізген шаруаларды субсидиялауға 10 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Бұрынғы жылдары бөлінген қаржы 500 миллион теңгеден аспайтын», – деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Тағы бір тиімділігін көрсеткен тәсіл – жерді лазерлік тегістеу. Биыл 65 мың гектар алқап өңделді. Мамандар мұндай әдіс су шығынын 20 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы

Оқи отырыңыз: Алматы инвесторлар үшін ашық әрі бизнесті қолдауға дайын

 

 

 

 

 

Новости партнеров