Сыр өңірінде ежелгі дәуірде тіршілік еткен алып мақұлықтың сүйегі табылды

11.10.2025 10:49

Барлау тобы кәрі шатқалдың етегінен бірнеше сүйек қалдықтарын тапты

Сыр өңірінде адамзат дәуіріне дейін тіршілік еткен алып мақұлықтың сүйегі табылды. Мамандар мұны мезозой кезеңінде өмір сүрген динозаврдың бір түрі деп топшылап отыр. Құнды жәдігерді облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері зерттеп, анықтаған. Ғалымдар «табылған сүйекке палеонтологтар да қызығушылық танытып отыр» дейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Шах-Шах шатқалы облыс орталығынан 300 шақырым шалғайда орналасқан. Бұл маңға 1959 жылы палеонтолог ғалым Анатолий Рождественский бастаған экспедиция зерттеу жүргізіпті. Сол тұста табылған жәдігерлер ғылыми ортаны дүр сілкіндірсе керек. Сараптама нәтижесінде шатқалдан табылған бас сүйек бөлігі шамамен осыдан 89 млн жыл бұрынғы тіршілік иесіне тән екені анықталыпты. Ғалымдар оған «Аралозавр» деген атау да берген. Динозаврдың бас сүйегі қазір Қазақ ғылым академиясының музейінде сақтаулы тұр. Сыр ғалымдары сол ізді жаңғырту мақсатында барлау экспедициясын қолға алып отыр.

«Жалпы біз кейіннен анықтадық, Еуропа ғалымдары осы жерге келіп, бірнеше рет зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 2000 жылдары Scopus журналдарына бірнеше мақала жариялағанын қазіргі уақытта анықтап отырмыз. Палеонтология облыста ғана емес, республикада да кенже қалған сала болғандықтан, бұл Шах-Шах шатқалы әлі де зерттелуі керек. Бұл жерді енді “Динозаврлар қорымы” деген атпен тарихи нысан ретінде тіркеуге алып, әлемдік деңгейде ұсынуымыз керек», — деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау.

Барлау тобы кәрі шатқалдың етегінен бірнеше сүйек қалдықтарын тапты. Олардың көбі тасқа айналған кейіпте. Сондықтан қандай тіршілік иесіне тән екенін тап басып айту қиын. Дегенмен, табылған жәдігерлер төрт түліктің тұрқынан едәуір үлкен екені көзге бірден байқалады.

«Бірнеше сүйек табылды. Кәдімгі омыртқа бөліктері табылып жатыр. Көп жылдық екені көрініп тұр, табиғи құбылыстарға байланысты тасқа айналып кеткен. Сосын бұлардың пішіні қазіргі уақыттағы жан-жануарлардың сүйегіне қарағанда әлдеқайда үлкен», — деді Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Әзірбек Ілиясбекұлы.

Қойнауына ескі дәуірлердің естелігін бүккен топырақтың тылсымы тым әріден тамыр тартады. Себебі, уағында шалқыған теңіздің аумағы осы жоталарға дейін жеткен. Табылған бас сүйекке «Аралозавр» атауының берілуі де осыдан болса керек. Ал барлау барысында табылған сүйектер енді палеонтолог ғалымдардың зерттеуіне ұсынылмақ.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Алматыда Шора Сарыбаевтың 100 жылдығына орай 6 кітаптың тұсаукесері өтті