Сыр өңірінде Қызылорда-Жезқазған күре жолы пайдалануға берілді

26.11.2025 19:02

 Ауқымды жоба мемлекет басшысының тікелей бақылауында

Сыр өңірінде «Қызылорда-Жезқазған» күре жолының құрылысы аяқталып, толықтай пайдалануға берілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ұлытау облысына дейінгі 192 шақырым жолға асфальт төселіп, көлік қозғалысы ашылды. Қос аймақты жалғайтын күре жолдың жалпы ұзындығы  424 шақырым. Қайта жаңғыртудан өткен 192 шақырымы Қызылорда облысына тиесілі. Оңтүстік пен орталықты біріктіретін ең төте жолдың құрылысына 73 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Жолдың сапасын мамандар мезетінде тексеріп, талапқа сай болуын жіті қадағалаған. Анықталған кемшіліктер де уақытында қалыпқа келтіріліпті. Үш қабат асфальт төселіп, әр учаскеде су және мал өткелдері салынған.

«Келісімшарт бойынша 2027 жылдың аяғына дейін уақытымыз бар. Бірақ жоспарымыз ендігі жылдың аяғына дейін қозғалысты, асфальт-бетон жұмыстарын толық аяқтау», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев. 

Айта кетейік, келісім бойынша мердігерлер 5 жыл мерзімге кепілдік бермек. Осы уақыт аралығында жолдан ақау шықса, мекеме өз қаражатына жөндеп беруге міндетті. Екі облысты жалғайтын жолдың құрылысы 2027 жылы толықтай аяқталады деп күтілуде. Бүгінде Ұлытау облысындағы 208 шақырым күрежолдың 50 шақырымына асфальт-бетон жабындысы төселген.

 Ауқымды жоба мемлекет басшысының тікелей бақылауында.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы теміржол вокзалдарында бақылау күшейтілді