Сырдария өзенінің бойында шіркейге қарсы залалсыздандыру жұмыстары оң нәтиже берді

17.06.2026 16:29

Бұл жұмыстарға 17 арнайы техника, 10 дәрі шашатын қайық және 30-ға жуық маман тартылған

Күн жылынса болды, Сырдария өзенінің бойын мекендеген жұрт үшін нағыз «шіркей азабы» басталатын. Зиянкестердің көптігінен халық далаға бетпердесіз шыға алмай қалатын еді. Биыл соны залалсыздандыру жұмыстары жақсы нәтиже беріпті. Жауаптылардың сөзінше, дернәсіл кезеңінен бастап жүргізілген дәрілеудің арқасында шіркейлер көбеймей тұрып жойылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Отырар ауданының тұрғындары көктем шықса далаға шыға алмай қалатын. Бұлтша үйірілген шіркей мазаны алып, тіпті ауыл шаруашылығы жұмыстарын тұралатып тастайтын. Биыл осы өзекті мәселені шешу үшін залалсыздандыру жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілді. Нәтижесі де көп күттірген жоқ. 

«Жұмыс істеу мүмкін емес еді, биыл мемлекетіміздің бағдарламасымен көп қаражат бөлінді. Соның арқасында ешқандай шіркей жоқ. Жұмыс та жүріп жатыр», – деді Көксарай ауылының тұрғыны Темірхан Өсербаев.

Бетперде тағып жүретінбіз. Ел риза. Жұрт тыныш. Үлкен мәселе шешілді деп ойлаймын. Бірақ мұны тоқтатуға болмайды. Әлі де өзекті мәселе екенін ұмытпауымыз керек», – деді Көксарай ауылының тұрғыны Хайрулла Аймырзаев.

Сырдария өзенінің арнасын дәрілеу жұмыстары ерте көктемнен басталған. Арнайы белгіленген 15 орында мамандар күндіз-түні кезекшілік құрып, шіркейдің дернәсілдерімен күресті. Сонымен қатар биыл тиімділігі жоғары, арнайы биологиялық препараттар қолданылған.

«Биыл біз «батидон» препаратын қолданып жатырмыз. Жақсы нәтиже көрдік. Өзіміз қыстан бері осы Сырдария өзен арнасында жүрміз ғой. Бас кезінде шіркейдің дернәсілдері шықты. Дәрілерді құя бастадық. Ары қарай үлкен сатысына жетпедік. Яғни, дұрыс жұмыс істеп келе жатырмыз», – деді Ұлттық сараптама орталығының биологы Майра Жұмаханқызы.

Мамандар шіркейдің дернәсілдері тек ағын суда ғана жетілетінін айтады. Арнайы қолданылған органикалық препараттар адам мен су экожүйесіне қауіпсіз дейді. Қазір өңірде дәрілеудің 12-кезеңі жалғасып жатыр. Бұл жұмыстарға 17 арнайы техника, 10 дәрі шашатын қайық және 30-ға жуық маман тартылған.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында 50 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды