Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы: бүгінгі жас буын қандай тәрбие алып жатыр

20.07.2026 21:15

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев IV Ұлттық құрылтайда осы мәселеге ерекше тоқталып, ұлттық тәрбие бағытында жүйелі ұстанымның жетіспейтінін атап өткен

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан жас ұрпақтың санасына біліммен бірге ұлттық құндылық пен тағылымды тәрбие сіңіру – қоғам алдындағы маңызды міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев IV Ұлттық құрылтайда осы мәселеге ерекше тоқталып, ұлттық тәрбие бағытында жүйелі ұстанымның жетіспейтінін атап өткен еді. Ал бүгінгі буын қандай тәрбие алып жатыр? 

Аlmaty.tv тілшісі саралап көрді.

Әбішовтар әулеті ұлттық тәрбиені отбасының басты ұстанымына айналдырған. Сегіз ағайынды Ұлтуған апа бүгінде 8 немере тәрбиелеп отыр. Оның айтуынша, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті сөзбен ғана үйрету жеткіліксіз, бала оны күнделікті іс-әрекеттен көруі керек. Сондықтан бұл шаңырақта үлкенге сәлем беру, орын ұсыну, сөзін бөлмеу басты ұстаным саналады.

«Ата–анадан 8 ағайынды болып өстік. Үйренген тәрбиемізді балаларыма, немерелеріме қолданып отырамын, үйретуге тырысамыз. Үлкенді сыйлау, құрметтеу, үлкенге ізет деген сияқты ата-анадан үйренген тәрбие жалғасын тауып келе жатыр деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Ұлтуған Әбішова.

«Бізге әжеміз үлкендерді сыйлауды, орын беруді, жақсы болуға үйретеді. Артымыздан жинап, ұрлық жасай жүруді үйретеді», – деді Ұ. Әбішованың немересі Аружан Жүнісбек.

Ал этнограф Оралбек Кәрімнің айтуынша, қазақы ортадағы құрметтің алғашқы көрінісі сәлемдесуден басталады. Амандасу – әдептің ғана емес, адамға деген ізет пен сыйластықтың белгісі.

«Қазақ «жігітті сәлемінен таны» дейді немесе «Сәлем сөздің – анасы» дейміз. Яғни алғашқы сенің ауызыңнан шыққан сәлеміңнен немесе өзіңнің іс-әрекетіңнен бүкіл болмысыңды бейнелейсің. Ал сәлемді біз қалай береміз? Дәстүрлі қазақ қоғамында «Армысыздар» деп қолын көкірек тұсына қойып тұрып, басын иіп тұрып сәлем берген немесе төс қағыстыру. Наурыздағы Көрісу мейрамының үлкен тәрбиелік мәні бар», – деді этнограф Оралбек Кәрім.

Ал психолог Шынар Құсманқызының айтуынша, қазіргі жастардың 80 пайызы Батыс мәдениетіне еліктеп барады. Бұған ата-аналардың материалдық қажеттілікті алдыңғы орынға қойып, балаға рухани құндылықтарды жеткілікті сіңіре алмауы да себеп екен.

«Ата-аналар киімін әперіп, тамағы тоқ болса, үйде жақсылап демалып, телефонын қарау жеткілікті деп ойлайды. Бірақ тек телефон көріп отырған адам өзінен басқа адаммен қарым-қатынас жасай алмайды. Сол үшін ата ана баланың психикасы және де өмірі үшін құндылыққа үйрету керек», – деді психолог Шынар Құсманқызы.

. Айта кетейік, Ата заңның 30-бабы 3-тармағында балаға қамқорлық жасау және оны тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы әрі міндеті екені белгіленген. Демек ұлттық тәрбие мен ұрпаққа құндылық сіңіру – тек отбасының ұстанымы емес, заң жүзінде де айқындалған жауапкершілік.

Мәди Мәлік. Думан Ләулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Тарихшылар Алтын Орда кезеңіндегі сауда байланысы мен дәстүрлі мал шаруашылығын қалай бағалады