Тарихшылар Алтын Орда кезеңіндегі сауда байланысы мен дәстүрлі мал шаруашылығын қалай бағалады

Ғалымдардың айтуынша, көшпелі өмір салты туралы деректер тіпті Марко Поло, Радлов және Лев Гумилевтің еңбектерінде кездеседі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алтын Орда тек ұлан-ғайыр даланы ғана емес, құнарлы өзен аңғарларын, орманды-дала және шөл аймақтарын да қамтыған. Сондықтан табиғи жағдайға қарай әр өңірде шаруашылықтың өзіндік үлгісі қалыптасты. Бір жерде егіншілік дамыса, енді бір жерде көшпелі мал шаруашылығы басым болды, деп хабарлайды  Аlmaty.tv тілшісі.

Тарихшылардың айтуынша, көшпелі өмір салты туралы деректер тіпті Марко Поло, Радлов және Лев Гумилевтің еңбектерінде кездеседі. Көшпелі шаруашылықтың негізін жылқы, қой және түйе өсіру құрады. Жылқы әскери күштің тірегі болса, қой мен түйеден алынған өнімдер тұрмыста кең пайдаланылды. Сонымен қатар көшпелі халық пен қалалар арасында сауда байланысы дамып, мал өнімдері егіншілік пен қолөнер бұйымдарына айырбасталды. Мамандардың пікірінше, табиғатқа бейімделген бұл шаруашылық тәжірибесі бүгінгі күні де өзектілігін сақтап отыр. 

«Егер оңтүстік өңірлерді алсақ, қалалар орналасқан аймақтарда адамдар қалалық мәдениетпен айналысты. Бұрын көшпелілер қала тұрғындарын тонады деген пікірлер айтылатын. Бірақ шын мәнінде олардың арасындағы байланыс өзара тиімді болды. Олар бір-бірімен тауар алмасты. Яғни көшпелілер ет, жүн, сүт сияқты өнімдерді жеткізсе, қалалардан астық, бидай алды. Сонымен қатар қалаларда қолөнер жақсы дамығандықтан, көшпелілер тұрмысқа қажетті заттарды да сол қалалардан алған болуы мүмкін», – деді тарихшы Күлшат Құжахметова.

Тарихшылардың айтуынша, Алтын Орда дәуірінен бастау алған қымыз, шұбат сияқты ұлттық сусындар ғасырлар бойы сақталып, бүгінде қазақ мәдениетінің маңызды бөлігіне айналды. Сондай-ақ көшпелі ата-бабаларымыз табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің ерекше үлгісін қалыптастырған. Олар жайылымдарды тиімді пайдаланып, мал шаруашылығын қоршаған ортаға зиян келтірмей жүргізудің жолдарын білген. Бүгінде бұл тәжірибенің маңызы артып отыр. Табиғи жайылымдарды ұтымды пайдалану, дәстүрлі мал шаруашылығының тиімді әдістерін сақтау және экологиялық тепе-теңдікті қорғауда ата-баба мұрасы бүгінгі күн үшін де құнды тәжірибе болып саналады.

«Көшпелі шаруашылық табиғатпен үйлескен ерекше экологиялық жүйе болды. Малшылар жыл мезгілдеріне байланысты жайылымдарын ауыстырып отырды. Қыста жылырақ оңтүстік өңірлердегі өзен бойларындағы қыстауларда қоныстанды. Көктемде көктеуге, жазда шөбі қалың әрі салқын жайлауға, ал күзде күзеуге көшті. Жайылымдарды таңдау табиғи-климаттық жағдайларға негізделді», – деді тарихшы Күлшат Құжахметова.

Оқи отырыңыз: Тарихи мұраны сақтаудан цифрландыруға дейін: Ұлттық архивке 20 жыл толды