Құқықтық жағынан алғанда негізгі өзгерістердің бірі — Конституциялық соттың құрылуы
Биыл еліміздің Ата заңына 30 жыл. Республикадағы ең басты әрі маңызды құжат 1995 жылы 30 тамызда қабылданған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ата заңымыздың тарихы кешегі Есім ханның «Ескі жолы», Қасым ханның «Қасқа жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысынан» бастау алған. Ал қазіргі қолданыстағы Конституция 1995 жылы қабылданды. Еліміздің негізгі заңына осы уақыт ішінде 6 рет өзгеріс енгізілді. Ең ауқымдысы осыдан 3 жыл бұрын қабылданды. 2022 жылғы референдумда Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшірілді. Жаңарған Ата заң жер және оның қойнауы халыққа тиесілі деген нормамен толықтырылды. Құқықтық жағынан алғанда негізгі өзгерістердің бірі — Конституциялық соттың құрылуы.
«Конституциямыздың егемендігін айқындап берген бірнеше сатыдан өткен кезеңдерінің ішіндегі 1993 жылғы Конституция жеке егеменді ел ретінде белгіленсе, алғашқысы парламентік билікті нығайтса, 1995 жылы Конституция президенттік билікті нығайтып, бүткіл билікті бір адамның қолына шоғырландырды деп айтуға болады. Ал 2022 жылғы жартылай реформалар Конституцияны демократиялық жолда «халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде қалыптасу үшін модернизациялық жаңаруда», – деді саясаттанушы Жомарт Сімтіков.
Маңызды құжатта жазылған қағидаттар мен нормаларды ұстану – әрбір азаматтың парызы және міндеті. Өйткені әрбір ереже қоғамдық келісімнің негізі. Конституциялық нормаларды сақтау арқылы мемлекет пен халық арасындағы сенім артып, құқық үстемдігі қамтамасыз етіледі. Заңгер «бұл – азаматтық қоғамды дамытудың және демократиялық құндылықтарды нығайтудың басты жолы» дейді.
«Кез келген ҚР азаматы Конституциямызды білгені абзал. Яғни жерде түпкілікті азаматтардың құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Бұл – зайырлы мемлекет екенімізді бекітетін заң. Сондықтан мемлекетімізге де, азаматтарымызға да сондай маңызды заң болып табылады», – деді қалалық адвокаттар кеңесінің адвокаты Файзулла Смағұл.
30 жыл ішінде Ата заңымыз еліміздің іргетасы, әрбір азаматтың құқығы мен бостандығының кепіліне айналды. Ең басты әрі маңызды құжат бүгінде мемлекетіміздің тұрақтылығы мен бірлігін сақтап, демократиялық даму жолын айқындап отыр. Ол тек заңдардың бастауы ғана емес, қазақстандықтардың болашаққа деген сенімін нығайтатын негізгі құндылық.
Диана Тұрлыбек, Руслан Сүлейман
Оқи отырыңыз: Конституциялық сотқа азаматтардан 11 мыңнан астам өтініш түскен