Аудандағы 80-нен аса жас ақын қатысты
«Тәуелсіздік – тұғырым!». Бүгін дәл осындай атаумен Наурызбай ауданындағы оқушылардың инновациялық-шығармашылық орталығында маңызды жиын өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараға 300-ге жуық адам жиналды. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер мен әскери оқу орнының тәлім алушылары бар. Жастар кездесу аясында актер, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов пен режиссер әрі әнші Сұлтан Күнтуғанмен пікір алмасып, қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Басқосуда тарихи деректер мен естеліктер де айтылып, мерекенің мән-мазмұны ұлықталды.
"Тәуелсіздігімізді аялайық, қадірлейік! Өз тілімізде сөйлейік, ойланайық. Осындай кездесу – жастар үшін тәрбие. Бұл – жастардың бойына намысты, патриоттық сезімді ұялататын іс-шара", – деді «Желтоқсан - Алматы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серікбек Жандыбай.
"Екі бөлімге бөліп отырмыз. Біріншісі – біздің желтоқсаншылармен кездесу, солардың ақылын, нақылын тыңдау болса, екіншісі – Тәуелсіздік күніне орай ауданымыздағы 80-нен аса жас ақынның арасында өлең сайысы. Жүлделі орын алған ақындарды марапаттап, сыйлықтарын беріп, дәріптеу", – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысанәлиев.
Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжіне барды